Аймақтар • 03 Сәуір, 2017

Бақорда һәм бақытты жастар

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында сазгер Серікжан Әбдінұровтың жаңа туындысы "Бақорда" атты мюзикл сахналанды.

Бақорда һәм бақытты жастар

Туындының өзегіне арқау болған дүние – қазіргі елорда­лық жастар өмірі. Яғни, жаңа дәуір, жасампаз болашаққа қадам басқан еркін елдің ерікті ұл-қыз­дары... Жүзінен күлкі шуа­­ғы төгілген баянды ұрпақ... Бол­­жамсыз ғұмырдың жібек желін­дей махаббат... Дәуір­дің думанды дауылымен жарыса бой көтеріп, таң нұрына боялған әсем қала – Астана...  Мюзиклдің мазмұны осылай өріледі.

Жалпы, мюзиклдің ерекшелігі – драма, спектаклъ, опера, эстрада жанры, водевиль тағы не бар, барлық типтік өнер атаулының басы бір қазанға тоғысып, бірін-бірі толықтыра отырып, бір үйлесіммен көрерменге жол тартатын туынды. Осы сала маман­дарының айтуына қа­рағанда, мюзикл жанры елімізде кең етек жая қоймаған. Енді-енді дамып жатыр.

Мюзиклдің атасы – Еу­ропа. Арғы жағы көне грек дәуірі­нен бас­тау алады. Бүгінде «Ох­лахома» (Р.Роджерс пен О.Хам­мерстайн), «Моя прекрас­ная леди» (Б.Шоу), «Вол­шебная флей­та» (Моцарт), «Ти­ль» (Г.Гладков) т.б. туын­дылар әлемдік классика есе­бінде танылған.

Бір есептен мюзиклді ортақ, яғни ұжымдық туынды десе де болады. Өйткені, аталмыш туындының төрт аяғы тең жорғалау үшін – сазгер, ақын, драматург, режиссер, балетмейстер, продюсер, жарық беруші, дыбыс өңдеуші т.б. шығармашылық иелерінің тері бір қазанда қайнауы тиіс.

Осындай күрделі синтезді-синкреттік туындының алғаш рет елорда төрінде, Қазақ ҰӨУ залында сахналануы үлкен жетістік. Күрделі қойылымды  авторлар төрт ай бойы ұйқы-күлкі көрмей дайындаған екен. Тек осы мюзикл үшін жаңадан 20 ән жазылған. Дайын болған шығарманы сахналауға келгенде, театрлар қаржылық қиын­шылыққа  байланысты бас тартқан. Бірақ, Қазақ ҰӨУ-нің «Эстрада өнері» кафедрасының меңгеруші Майра Дәулетбақ ханым өз студенттерінің күшімен туындыны жарыққа шығаруға тәуекел еткен.

Сөйтіп, «Бақорда» мюзиклі (либреттосын жазған – Жұпар Қожақ) дүние есігін ашты. Шығарманы сомдауға қатысқан студенттер шығарманың ішкі мазмұн-сипатын аша алды. Оқиғаның әу басында ауылдан Астанаға қонаққа келген Томирис қызды вокзалдан күтіп алған екі азамат (рөлдерде – Аңсар мен Дархан) оған әсем Астананы тамашалатады. Осы жерде бір әдемі диалог бар. Достары айтқан, «біз сені қорғап-қолдап қыдыртамыз» деген лепісіне Томирис: – Қызға қорған болған жігіт – елге де, айбын болмай ма? – деп ұтымды уәжісін көлденең тастайды. Шығарманың түйіні де осы лепіске байланып тұр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар