Бұл мақалада заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің жас кезінде «Ярыш» командасында ойнағаны туралы айтылған. Осы мақала шығысымен Семей өңірінің ардагер спортшылары, спортсүйер қауым өкілдері телефон шалып, жылы лебіздерін білдірісті. Мұның да өзіндік себебі бар: биыл ұлы жазушы, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толып отыр. Мақалада жазушыны тағы бір қырынан көрсету – тұлғаға деген ұлы құрмет, десті ақсақалдар қауымы.
– Соңғы кездері «Егемен Қазақстан» газетінің спорт беті ерекше жанданып, халықтың саламатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырып отыр, – деді осы мақала туралы алғаш хабарласып, өзінің ой-пікірімен бөліскен Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Айдар Садырбаев. – Әсіресе, Алматы қаласындағы тілшілер қосынының меңгерушісі Талғат Сүйінбайдың және тағы басқа да журналистердің XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада кезіндегі берілген тікелей репортаждары көңілімізден шықты. Ал «Ярыш – қазақ футболының қарлығашы» атты мақалаға біздің қосарымыз: Семей қаласының әкімдігі 2013 жылы «Қазақстан футболына – 100 жыл» мерейтойлық медаль шығарып, оны спорт ардагерлеріне, қазақтан шыққан, ел намысын қорғаған, байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіреткен спортшыларымызға табыс еткен болатын. Барша халықты осындай игі істеріміздің бар екендігін ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы хабардар еткіміз келеді.
Айта кететін жайт, «Ярыш» футбол командасының 100 жыл бұрынғы төсбелгісі тарихи жәдігер ретінде Семей қаласындағы татар мәдени орталығының мұражай бұрышында сақтаулы тұр.
Раушан Нұғманбекова,
журналист
СЕМЕЙ