Медицина • 03 Сәуір, 2017

Мәңгілік Ел болудың басты шарты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылу

724 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» ат­ты Қазақстан халқына Жолдауында «Төртінші ба­сымдық – адами капитал сапасын жақсарту» еке­н­дігіне кеңінен тоқталды.

Мәңгілік Ел болудың басты шарты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылу

Мемлекет бас­шы­сы­ның айтқанына сәйкес, «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс», дегені де көптің көңілге қонатын мәселе екендігі сөзсіз. Өйткені, ел­дің дамуы білім жүйесінің заманауи өрістеуімен тығыз байланысты.

Қазақ елі – табиғи байлығы мол, тұрмыс-тіршілігі заманауи дамыған мемлекет. Осы игі­лі­гімізді «қанаттыға қақ­тыр­май, тұмсықтыға шоқ­тыр­май» сақ­тап, уақыт талабына сай дамыту оңай іс емес. Себебі, жеріміздің аумағы үлкен болғанымен, оны қорғап, өндіріп-өсіретін адам саны аз. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматының бойында 10-15 адамға шақ ақыл, жігер, күш-қай­раты болу керек. Ондай қоғам мү­­шелерін тәрбиелеп, өсіру үшін бі­лім беру саласында батыл бет­бұ­рыс ендіру қажеттілігі туындап отыр.

Мәңгілік Ел болудың баст­ы шар­­ты – ұлттық және жал­пы­адам­­зат­тық қажеттілікті құн­ды­лық ре­тін­де ұстанатын адами ка­питал. Қа­зіргі қоғамда түр­лі өз­герістермен қо­са, рухани құн­­­ды­лық орнына бір­тіндеп ма­­­тер­иал­дық құндылық ба­сым­дық танытып келе жатқаны бай­­қа­­ла­ды. Мұның дәлелі ретінде соң­­ғы кез­де қаржылық мәселелер адам өмі­рі мен денсаулығынан, тіп­­ті бас бостандығынан да жо­ға­р­ы қой­ылып жүр. Мәселен:

– қалталы науқастан айы­ры­лып қалмас үшін жалған диаг­ноз қоятын немесе тым қым­бат дә­рілерді жазып беретін дә­рі­гер­лер­дің бой көрсетуі;

– білім беру кезінде репе­ти­тор­лық қызмет көрсетіп, арна­йы қаражат табу мақсатында кей материалдарды жартылай ға­на оқытатын мұғалімдердің кез­де­суі;

– қомақты қаражат үшін бел­гі­лі бір оқиғаның өңін айналдырып, қоғам арасына іріткі салатын журналистердің болуы;

– мемлекет тарапынан қар­жы­­­ландырылатын әлеуметтік жо­­балардан ақша жымқыратын әлеу­­меттік қызметкерлердің кез­­десуі осының дәлелі болып та­­былады.

«Халық үшін қызмет ететін бі­лімді адамдардың қатарын кө­бей­ту арқылы қазақ қоғамының ме­­шеулігін жоюға болады, сон­­дық­тан жастарды оқытып-тәр­бие­леу ісінен артық ешнәрсе жоқ», – деп өз заманында Ыбырай Алтын­са­рин оқу-тәрбие ісінің ең бас­ты мә­се­ле екеніне көп көңіл бөл­ген еді. Ағартушының бұл ойын­ың кө­кей­кестілігі бүгінгі күні де өзі­нің шырқау шегінде еке­ні әсте кү­мән тудырмайды.

Бұл жөнінде Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев: «Ға­сыр­лар мақсаты – саяси-экон­о­­м­и­калық және рухани дағ­да­рыс­­­тарды жеңіп шыға алатын, із­гіленген ХХІ ғасырды құрушы іс­кер, өмірге икемделген, жан-жақ­­ты жеке тұлғаны тәрбиелеп қа­­лыптастыру», – деп білім беру са­­­ласының осы тұрғыда алатын орны аса ерекше екеніне ба­са назар аударды. Ендеше, елі­міз­дің алдағы уақытта әлеу­мет­тік-эко­но­микалық өсуі пе­да­гогикалық бі­лім беру сапасына тәуелді екені бе­л­­гілі.

Осыған орай, халық саны өсіп, көптеген мектептер, ба­ла­бақ­ша­лар ашылып жатқан ірі қа­ла­­лар­да, арнайы көпсалалы пе­да­го­гикалық білім беру институ­ты, университеттерде факультет­тер, орталықтар қажеттігі, пе­да­го­ги­к­алық мамандықтарға та­лап­кер­лер­­ді ерекше сынақтан өт­кізіп, те­гін оқыту керек екендігі айдан анық. Өйткені, «адами капи­тал» құрамының, барлық маман иелерінің, барша қауымның тұл­ға­лық сипаттамасына ерекше әсер ететін адам – ұстаз.

Сонымен қатар, ерекше кө­ңіл бөліп, кешіктірмей елеулі өз­ге­рістерді талап ететін сала – кә­сіп­тік білім беру, соның ішінде «адам-адам» жүйесіндегі мамандар­ды даяр­лау.

Соңғы кезде қоғамның дамуына байланысты кәсіптік білім берудің алдына қойылған міндеттердің мазмұны да айтарлықтай өзгерді. Қазақстан Республикасының «Бі­лім туралы» Заңына сәйкес «бі­лім беру жүйесінің басты мін­де­ті – жан-жақты дамуға, кәсіби ше­­­берлікті жетілдіруге, жеке тұл­­ғаның санасын ұлттық және жал­­пыадамзаттық құндылықтар н­е­­гізінде тәрбиелеуге жағдай жа­сау» болып отыр. Сондықтан, бү­­­гінгі күні мамандарды дая­р­лау­­дың мазмұны мен технология­сын түбегейлі өзгерту өзекті мә­се­леге айналды, әсіресе, «адам-адам» жүйесіндегі мамандарды дая­рлаудың кәсіби білім бе­ру жү­йе­сін қайта құру қажет. Бо­ла­­шақ маманның білім, ептілік, дағ­ды, құзырлығымен қатар, оның деонтологиялық даярлығын қа­лып­тастыру кезек күттірмес мә­се­ле.

Деонтологиялық даярлық – бұл кә­сіби іс-әрекетте адами, кәсіби па­рыздылықты міндеттенуді, яғни адам­гершілік, рухани, моральдық құн­дылықтарды қамтитын сана­ның күйі. Сондықтан «деонтоло­гия» деп атамаса да парыз-бо­рыш­тың тұрмыс-тіршілікке қа­тыс­ты фи­лософиялық мәніне ата-бабала­рымыз, ұлы-ойшылдарымыз ай­тар­лықтай басымдық берген. Ел есінде, айтар ақылында «парыздан күшті күш жоқ, парыздан қатал сот жоқ» деген ұғым берік орынға ие.

Ұлы ақылшымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының парыз, борыш туралы:

«Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл...»,

– деп айтқаны Мәңгілік Ел болудың басты шарты әрбір еліміз азаматының адамдық борышының мән-мағынасын біліп, ескеріп өмір сүру салтына ендірудің мә­нін ашары анық. Сондықтан, ел азаматтарының саналық қа­сиет­те­рін бала кезінен бастап елі­не, от­басына, қызметіне деген адал пей­­ілін, парыздылық сана-сезімін жү­й­елі, міндетті, нық тәрбиелеу ар­­қылы қалыптастыру қажет екені кү­мән тудырмайды.

­Осылайша, интеллектуалды ұлт идеясын, Мәңгілік Ел идеясын іске асыру үшін осылардың нә­­тижелерін кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқу-тәрбие үде­рісіне ендірудің кезі келгені анық. Осыған орай «адам-адам» жүй­есіндегі маман даярлауда батыл бетбұрыс керек.

Ғалиябану Кертаева,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор


Соңғы жаңалықтар