«Халықаралық көрмеге қатысуға ниет танытқан мемлекеттерден өтініш қабылдау рәсімі ресми түрде аяқталды. Қазіргі таңда қос тарап арасында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін шығарудамыз. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарын жарияланғандай, елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне нақты 115 ел қатысатын болды. Бұлардың басым бөлігі көрме аумағында орналасқан павильондарында дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, 20 ірі халықаралық ұйымның өтініші ресімделді. Айта кетерлігі, биылғы көрмеге қатысатын мемлекеттер мен ұйымдар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Мұндай деректі Халықаралық көрмелер бюросы да растады», деді жиында И.Оразақов.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы өкілі халықаралық шарадағы павильондар қатысушы мемлекеттерге тегін берілетіндігін жеткізді. Жоғарыдағы 115 мемлекеттің барлығы да өздеріне тиесілі орындарды иемденген. Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, бұл арнайы келісімшарт негізінде жүргізіледі. Яғни, барлық ел павильондарды арендасыз ала алады. Бірақ, әр мемлекет өз павильондарын және аумағын жабдықтау, қажетті құрылыс жұмыстарын жүргізу ақысын мойнына алады. «Әрбір қатысушы мемлекет өздеріне тиесілі павильондарды алды. Орындардың аумағы көңілдерінен шықты. Біз көрмеге қатысатын елдерге тиісті жағдайлардың барлығын жасауға тырыстық. Тек қана Грекия мен Люксембургтің павильондары біріктірілген. Бір павильонда орналасқан осы елдер ғана аумақты 270 шаршы метрден бөліп алды», деді департамент директорының орынбасары.
Илья Оразақов шараға қатысатын елдер павильондардағы дайындық жұмыстарын сәуір айының соңына дейін жүргізетіндігін айтты. Өйткені, оларға одан кейінгі экспозицияларды дайындау физикалық тұрғыдан қиынға түсетін көрінеді. Маманның айтуынша, халықаралық ұйымдар көрмеге қатысуға әлі де өтініш бере алады екен. Мұнда ескеретін бір жайт, жоғарыда аталған 20 ірі халықаралық ұйымның ғана жеке павильондары болады. Ал 6 ұйымның павильоны жоқ. Кешігіп өтініш бергендер осылар сияқты конференция, шеберлік сыныбы, түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер ұйымдастырады.
«Қазіргі таңда біз жаңа кезеңге қадам бастық. Енді көрмеге қойылатын экспозицияларға баса мән беретін боламыз, − деді алдағы жұмыстар бағытына тоқталған Илья Оразақов. – Көрмеге қатысатын әрбір мемлекет келген қонақтарды өздерінің инновациялық өнімдерімен, мәдениетімен, шоуларымен таңғалдыратын болады. Біз бұған күмән келтірмейміз. Себебі, ұйымдастырушылар бұдан былай көрмеге қойылатын жобалардың мазмұнына назар аударады».
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы өкілінің мәліметінше, оларды іріктеу бойынша нақты талаптар бар. Кейбір экспозициялар қабылданбаған көрінеді. Ал кейбір елдерге көрменің тақырыбы аясында қойылатын жобалар бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігі ескертілген.
Көрмеге қатысатын мемлекеттер әлемдегі барлық энергия көздері негізінде жобаларын ұсынады. Ол – гидро, жел, жер, күн, кинетика және басқа да энергия көздері болуы мүмкін.
Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»