Үйдің тірегі мөлдір бұлақтай ата-ана болса, сол бұлақтың жағасындағы құрағы − ұл мен қыз. Құрақтай құлпырған балаға нәр беретін «Мектептің жаны – мұғалім» (А.Байтұрсынұлы). Осындағы жан сөзіне үңіліңізші? Үңіліп қана қоймай, тереңіне үңіле ой жіберіңізші. Сонда мұғалімнің кім екенін танып, білеріміз айдай ақиқат. Қазір мұғалім беделін қалай көтереміз деген мәселе аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселенің кейбірін Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мақсат – уақытпен үндесе алға басу» (17.03.2017) атты мақаласында қозғады. Министрдің баспасөз мәслихатында мұғалімдер айлығының аз екенін мойындағаны және бар.
Шынында, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқара алмай отырмыз. Оның үстіне тексерушілердің де тыным бермейтіні рас. Ал сол қағазбастылықтан құтылудың бір жолы электронды журнал делінді. Бірақ еліміздегі барлық мектеп компьютермен және интернетпен толық қамтамасыз етілмегені мәлім. Иә, санда бар, сапа кемшін. Біз мұғалімдермен сөйлескенімізде электронды журналды да, қағаз журналды да толтырып жүргенін айтады. Электронды журналды көбіне мектептердегі информатика пәнінің мұғалімі арқылы атқаратын көрінеді. Яғни, мүмкіндік бар. Мұғалімдер информатика бөлмесінде электронды журналдарын пайдаланады. Электронды журналдың рас екенін дәйектеу үшін оның қағаздағы нұсқасын шығарып алуың қажет. Интернетке де, қағазға да қаржы қажет екені өзінен өзі түсінікті. Бұл да мұғалімдердің аз ақшасына салмақ салмай қоймайды.
Кешегі дәуірде мұғалімдердің беделі биік болатын. Өйткені, бай мен кедей, ауқатты мен әлсіз деген жоқ еді. Қазір көп жағдайда мұғалімдердің төменшіктей беретіні айлықтары мардымсыз. Ең жоғары айлық 100 мың теңгеден асса, жаңа қадам басқандардікі 40 мыңнан жоғары. Түрлі себептерге орай, төмені де жоқ емес. Оны төлеудің сан түрлі жолы қарастырылған. Яғни, санат қағидасы алға озған. Мұндай жағдайда мұғалім «мықтылар» алдында күмілжімей қайтсін. Ендеше, мұғалім беделін көтерудің бір жолы – оларға жан-жақты жағдай жасап барып талапты күшейту болмақ. Ауылды жердегі мұғалімдердің көбінің пән сағаты санаулы. Өйткені, маман бар, бала аз. Сол ауылыңызда да керемет ұстаздар еңбек етіп жүр. Бірақ, қызметі тиісті орындардан бағалана бермейтіні өкінішті. Қала мектептеріндегі ұстаздар «Ы.Алтынсарин» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» іспетті наградалар алып жатса, ауыл мұғалімдеріне бұл да бұйыра бермейді. Оның да өзіндік сыры болуы керек.
Тағы бір түйткіл, мұғалімдердің күнделікті сабағын қалай беретінінен, білім-білігінен, озық үлгісінен бұрын оның оқушылары әртүрлі конкурстар мен олимпиадаларда қандай орын алғандығына мән беріліп жатады. Білім жарыстары көп жағдайда «жасанды» жолдармен кететінін, нағыз білімділердің ысырылып қалатынын ескере бермейміз. Ал, 100 пайыз үлгерім беру – бұлжымас қағидаға айналды. Үлгермейтін оқушысы бар мұғалім мен мектеп көзге түрткі болады. Осының өзі де мұғалім беделіне нұқсан келтіруде. Баланың бәрі бірдей алғыр болмаса теңестіріп қолдан баға қойып, сыныптан сыныпқа көпе-көрінеу көшірудің соңы білім сапасы төмен деген әңгімеге алып келеді. Жалпы, «Оқи алмайтын оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар», деген сөз туралы да болашақта ойлану керек секілді. Әрине, бес қол бірдей емес. Мұғалімдердің арасында да кемшіліктердің кетіп жататыны рас. Біз ондай оқиға бола қалса, іліп алып кетпей, жұртқа топырақ шашпай, себеп салдарын зерделесек, ақ пен қара анықталар еді. Бір баласына ие бола алмай жүрген кейбір ата-аналар 30 балаға білім беріп, тәрбие үйретіп жатқан мұғалімге дүрсе қоя беретіні бар. Егер әр бала 1-ші сыныптан бастап қабілетіне қарай бағаланса, ондай ата-аналар өктем болудан аяқ тартар еді. Білім мен білік салтанат құрар еді.
Қалай десек те, тәуелсіз елдің ертеңгі тұтқа ұстар ұрпағының бітім-болмысының бүтін болуы үшін қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымына деген көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек. Бұл ең алдымен, тиісті мекемелерді, ең бастысы, ата-аналарды ойландыруы керек. Мұғалімнің мәртебесі заңмен қорғалады дейміз. Бірақ сол заң оларды шын қорғай алып отыр ма деген сұрақ та алдан шығады. Бұл ойды қозғауымыздың астарында, мұғалім өз құқығын қорғаймын десе, ондай мүмкіндік бар ма деген күдік жатыр. «Бұл қалай?» деген адам төбе көрсетсе, әкімшілік түрлі айла-шарғыға барып жатады. Оны айтасыз, мұғалім осы күндері жиі өтетін барлық іс-шараларға көбінде тегін күш ретінде тартылатынын несін жасырамыз. Оған да қарсылық білдіруге «құқысы» жоқ. Сондықтан да, тыныш жүріп жан бағайық дегенге ден қойған. Мұндай бойкүйездіктен қалай құтылуға болады? Ұрпақ тағдырын шешетін мұғалімдер құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдасақ, ұтылмас едік. Онсыз мұғалімдер туралы түйткіл оңай шешілмейді.
Біз шет елдердің тәжірибесіне жиі жүгініп жатамыз. Іргеміздегі Қытай мемлекеті ұстаз беделінсіз білімнің болмайтынын алға тартып отыр. Әлеуметтік жағдайы әлсіз мұғалім сапалы білім бере алмайтынын ескеріп, оларға ерекше қамқорлық көрсету, яғни ақшасын еселеп көбейтуді ұсынуда. Мұғалімнің әр жақсы ісі бағасыз қалмауы керек екен. Тіпті, олардың дәптер тексеретінін, сынып жетекшісі ретінде ата-аналармен жұмыс жасайтынын, оқушылардың үйіне баратынын ескеріп, оған да қаржы қарастыруды қолға ала бастаған көрінеді. Балалардың заманға қарай ерте есейетініне, ақпараттарды аз уақытта меңгеріп алатынына байланысты он екі жылдық оқуға да күмән келтіре бастапты.
Бүгінгі таңда ұстаздар қауымының беделін биіктетіп, абыройын асыра алмасақ − азат елдің ұрпағы отаншыл болып қалыптасуы екіталай. Отан деген сөздің қасиетін – балаға ұғындыратын да, бойына дарытатын да мұғалім. Олай болса, сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан жетті.
Сүлеймен Мәмет,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсіргенЕрлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»