Аймақтар • 31 Наурыз, 2017

Үмітжан Ботбаева әжей: «Мен сияқты билесеңдер, 100 жасайсыңдар»

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы да жасы 86-ға келген биші әже біраз уақытқа дейін әлеуметтік желінің жұлдызына айналған еді. Мейрамхана ортасын қақ жарып шыға келген күміс зерлі, кимешекті әже «Ата толғауы» күйіне билеп, өзіне жарасымды әртістік қимылымен жұртты риза еткен-ді.

Үмітжан Ботбаева әжей: «Мен сияқты билесеңдер, 100 жасайсыңдар»

Жігері мен жүзінің жылылығын жоғалтпаған әжеміз жуырда тағы да жарқ етіп келді. Жетісу өңірінде Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойына орай өткен «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты үлкен концертте ата-апалардың ең үлкені де осы Үмітжан Ботбаева болған.

Сүйкімді бір биші әжеміз Алма­ты облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны. Бұл кісі үшін би – өмірінің мәні, денсаулығының тірегі екендігін айтады.  Сенсеңіздер, есін білгелі бері билеп келеді. Өте кішкентай күнінде әке-шешесі жетектеп тұрып, той-томалаққа барғанда билетеді. Жұрт оның тамаша биіне таң-тамаша қалып, ризашылықпен қошемет көрсетеді екен.

– Содан кейін мектепте де биші болдым. Бір күні біздің мектепке әйгілі биші Шара Жиенқұлованың өзі келді. Менің билегенімді көріп, балет өнеріне оқуға шақырды, – дей­ді өнер­лі әжей.  

Жазмыш болар, бірақ Үмітжан апамызға үлкен сахнаға шығу жас кезінде бұйырмапты. Қалаға барып би өнерін кәсіпқой тұрғыда меңгеруге анасы қарсы болады. Бойжетіп те үлгермеген қыз қалаға барып, өмірі нендей болады деп ойлайды ғой. Есесіне оны ата-анасы 20 жасында күйеуге береді. Ботбаева біраз уақытқа дейін өнерден қол үзіп қалса да, кейін қайта билеп жүреді. Содан бері де 30 жыл өте шыққан екен.

– Мен барлық кезде билеп келе жатырмын. Тек қан ойнатар музыка болсын! Музыканың алғашқы аккордтарын естіген сәттен бастап-ақ, менің денем өзі қимылдай бас­тайды. Көбінесе, өз таныстарым мен жақындарымның тойында билеймін. Бірақ, бөгде адамдардың алдында билей бермеймін. Егер билемей қалсам, келесі күні-ақ ауыры­п қаламын. Денсаулығым биге тәуелді. Өмірімді бимен өрген мен жастарға айтарым: «Мен сияқты билесеңдер, 100 жасайсыңдар», – дейді 86 жастағы дала бишісі.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38