Аймақтар • 31 Наурыз, 2017

​Қара жол қараусыз қалып отыр

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Атасу – Ақтау – Қаражал бағытындағы жолдың бүгінгі жағдайы сын көтермейді.

​Қара жол қараусыз  қалып отыр

Ал Ақтау ауы­лы – мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде ет, сүт өндіру, мал азығын даярлау бағытында Жаңаарқа ауданының экономикасын алға сүйреп отырған стратегиялық маңызы зор елді мекеннің бірі.  

Ақтау Жаңаарқа ауданының орталы­ғы – Атасудан 122 шақырым қашықтықта орналасқан, көтерме жол арқылы қа­ты­­нас жасайды. 1964 жылы салынып, рес­публикалық маңызы бар жолдар санатына енген осы жолдың бүгінгі таң­да сапасы нашарлап, талапқа сай емес­тігі аудан және ауыл тұрғындарын ай­тарлықтай алаңдатып отыр. Атап айтар болсақ, 2014 жылы аталған жолдың бір бөлігін су шайып, жолдың негізі жарамсыз болып қалғандықтан, қазіргі таңда онымен жүру үлкен қиындықтар ту­ғызуда, ал бүгінгідей көктем айларында автокөлікпен жүру мүлдем мүмкін емес.

Бұл жол арқылы Ақтау ауылының тұрғындары ғана емес, облыстық маңызы бар келешегі жарқын моноқала жобасына енген қалалардың бірі болып табылатын Қаражал қаласының тұрғындары да аудан орталығы – Атасу кенті мен облыс орталығы – Қарағанды қаласына қатынайды. Осы жолмен көлікпен жүру мүмкін болмауына байланысты Қаражал қаласының тұрғындары облыс орталығына Жәйрем кенті арқылы айналма жолмен 420 шақырым жүріп жетуге мәжбүр. Ал бұл өз кезегінде Қара­жал қаласының тұрғындарына, жоғарыда ай­тып кеткеніміздей, аудан орталығы мен облыс орталығына жетуде үлкен қи­ы­ндықтар туғызып отыр.

Ақтау ауылы мен Қаражал қаласының кейінгі жылдары қайта өркендеп, ондағы тұрғындар санының артуы негізге алына отырып, Атасу – Ақтау – Қаражал бағы­тындағы көтерме жол күрделі жөндеуден өткізілген жағдайда, Қаражал қаласы мен Ақтау ауылының Жаңаарқа ауданымен өзара байланысы жақсарып, облыстың ішкі әлеуеті артар еді әрі екі аймақтың бір-бірімен сауда-саттығы, экономикалық байланыстары нығайып қана қоймай, жолдың облыстың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға қосар үлесі де зор болары сөзсіз еді.

Мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан осы көтерілген мәселенің өзектілігін ескере отырып, Қарағанды облысындағы Атасу – Ақтау – Қаражал бағытындағы көтерме жолды күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қарастыруды сұрадым. Бұл сауалды әріптестерім М.Алтынбаев пен С.Ершов та қолдап, оған өз қолдарын қойғанын айта кетейін.

Серік АҚЫЛБАЙ,

Сенат депутаты




Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38