Қазақстан • 31 Наурыз, 2017

Франциялық достармен және өңірдегі көршілермен ынтымақтастыққа дайынбыз

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Францияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрі Жан-Марко Эйроның шақыруымен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Парижде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.

Франциялық достармен және өңірдегі көршілермен ынтымақтастыққа дайынбыз

Француз Республикасы және Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Франция, Қазақстан, Өзбекстан сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сыртқы істер министрлері орынбасарларының бірлескен кездесулері сапардың маңызды бөлігі болды.

Қ.Әбдірахманов іс-шарада сөйлеген сөзінде Орталық Азия әлемнің серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі екенін атап өтті. «Қазақстан өңір бойынша экономикалық өсім мен тұрақтылықтың полюсі болуға және француз достарымен және көршілерімен кең көлемді ынтымақтастыққа әзір», – деді министр.

Министр Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастарда тең құқықтық және өзара тиімді ынтымақтастық қағидатын ұстанатынына назар аударды. «Бізді соңғы уақытта өңіріміздің дамуындағы байқалып отырған оң үдерістер қуантады. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастарда шешілмейтін мәселелер жоқ екенін дәлелдей түседі», – деп атап көрсетті Қ.Әбдірахманов.

ҚР СІМ басшысы Орталық Азияда барлық қызығушылық танытқан елдер үшін бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму негізінде үйлесімді байланыстардың өңірлік моделі қалыптасып, сыннан өтетініне үлкен сенім білдірді. Бұл тұрғыдан алғанда, Францияның климаттың өзгеруі, су, азық-түлік, энергетикалық және ядролық қауіпсіздікке, тұрақты даму, терроризмге қарсы күрес, мәдени мұраны қорғау мақсаттарын іске асыруға қатысты жаһандық мәселелерді шешудегі озық рөлінің маңыздылығы атап өтілді.

Қ.Әбдірахманов Еуропалық Одақ-Орталық Азия (ЕО-ОА) саясаты мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша Жоғары дәрежедегі үнқатысудың басым маңызын рас­тады. ЕО-ОА арасындағы «Экономикалық даму, инвес­­тициялар, жұмыспен қамту, жеке секторды дамыту» атты ынтымақтастықтың жаңа алаңын құру туралы идеясын іске асыруды қолдап, өз пікірін білдірді.

Сапары шеңберінде Қ.Әбдірахмановтың Ж.-М.Эйромен жеке кездесуі кезінде сұхбаттасушылар Қазақстан мен Франция арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың 25 жылдығының қорытындыларын жасап, қазақ-француз қарым-қатынастарын одан әрі ілгерілетудің нақты қадамдарын атап өтті.

Франция   Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі және елімізбен Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойған алғашқы еуропалық ірі мемлекет. Париж Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін Астанада өткізу туралы ұсынысына бірінші үн қосып, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу орны ретіндегі бастаманы да қолдады. 2017 жылдың басынан бері Қазақстан мен Франция БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында белсенді өзара іс-әрекет етеді және Кеңес шеңберінде екі елдің бастамаларын өзара қолдайды.

Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары өзекті халықаралық мәселелер бойынша, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы жанжалды реттеу және Астана процесінің рөлі, халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмнің қатерлері мен сын-тегеуріндері бойынша пікір алмасты.

Тараптар Францияның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуының зор маңызын атап өтті. Париж көрме барысында шамамен 50 мәдени іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Француз компаниялары Францияның барлық технологиялық әлеуетін іске қоса отырып, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыруға әзір. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының экономикасына құйылған тікелей француз инвестициясының мөлшері 13,05 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 135 компания тіркелген, оның ішінде әлемге танымал Alstom, Danone, Vicat, Peugeot, Total және т.б. бар. Авиация, локомотив, азық-түліктер үшін титанды құймалар ісі жолға қойылған.

Дәл осы күні Қ.Әбдірахманов ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен және ЭЫДҰ Бас хатшысы Ангхель Гурриамен жеке кездесулер өткізді.

Қ.Әбдірахманов И.Боковамен кездесуі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы қарашада өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясында жарияланған бастамаларын іске асыру бойынша ЮНЕСКО-мен бірлескен жұмысты жоғары бағалады. Ол Алматы қаласын халықаралық ұйымның өңірлік хабы ретінде, оның ішінде БҰҰ құрылымдарын ескере отырып, Қазақстан Алматыда ЮНЕСКО аясындағы мәдениеттерді жақындастырудың Халықаралық орталығын құруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

А.Гурриамен әңгіме барысында Қазақстандағы институттық ортаны және экономикалық өсуді ЭЫДҰ елдерінің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес жетілдіру, сондай-ақ ынтымақтастықтың Елдік бағдарламасын 2018 жылға дейін ұзарту, еліміздің ЭЫДҰ комитетіндегі мәртебесін жоғарылату және Ауғанстанға арналған дамуға ресми көмектің жүйесі шеңберінде Қазақстанның қанатқақты жобалары мәселелері қарастырылды.

ЭЫДҰ басшысы Президент Н.Назарбаевқа ұлттық экономикалық саясатты қалыптастыру кезінде ЭЫДҰ тәжірибелері мен стандарттарының ескерілуі үшін жеке алғысын білдірді. А.Гурриа Қ.Әбдірахмановқа мемлекеттегі экономикалық түбегейлі өзгерістерді тиімді ілгерілету бойынша ұсыныстарды қамтитын бірқатар баяндамалар мен зерттеулерді табыс етті.

Парижде өткен кездесулер кезінде Қазақстан сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі ережелеріне жан-жақты және түпкілікті түсінік берді, сондай-ақ экономикалық реформаларды, оның ішінде ел Премьер-Министрінің төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы айтты.

Қ.Әбдірахманов француз әріптестерімен әңгімесі кезінде Қазақстанда қоғамды одан әрі демократия­лан­дыруға бағытталған ел Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы саяси жаңғырту мәселелеріне жеке назар аударды.



Соңғы жаңалықтар