Конференция басталмас бұрын Академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Нүсіпжанова іс-шараның маңызын түсіндіре келіп, сценография факультетінің студенттері ұйымдастырған көрмеге назар аудартты. Көрмедегі талантты шәкірттердің шеберлігінің ғана емес, шығармашылық еркін қиял мен ізденісі нәтижесінде дүниеге келген дипломдық жұмыстың сан түрлі үлгілерін, негізінен, түрлі спектакльдер үшін әзірленген сахналық костюмдер, декорациялық, бутафориялық бұйымдар құрайды.
М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының бас сценографы Е.Тұяқов сценография өнерінің жаңа бағыттарына, суретшілер қызметінің қиындығына тоқтала тұрып, Академияның еліміздегі театрларды кәсіби мамандармен қамтамасыз етудегі еңбегі атап өтуге тұрарлық екенін айтты.
Сахна мерекесіне орай Испаниядан, Германиядан, Ресейден, Өзбекстаннан арнайы шақырылған меймандар мен қазақстандық өнер зерттеушілері бүгінгі театр мәдениеті мен дамуына байланысты өзекті ойларын өрбітті. Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург Мемлекеттік консерваториясының профессоры Нина Арсентьева «Болашақ опера әншілерін тәрбиелеудегі вокальдық және драмалық өнер синтезінің үдерістері» деген мәселені Мария театры тәжірибесі негізіне сүйеніп, талдады. Ал ұлттық сахна өнерінің жетістігі мен кемшілігін сауатты саралай отырып, актерлер мен режиссерлер қауымын сыни көзқарасымен қамшылап жүретін белгілі театр сыншысы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Сәния Қабдиева классика мен заманауи режиссураны шебер ұштастырып, жанрлық, пішіндік жағынан өрістетуді қолға алған Қазақстан театрларының дамуының негізгі бағыттарына тоқталды.
Әр ел мамандарының басын қосатын ауқымды басқосулар тәжірибе бөлісуімен тиімді. Өзбекстан театрларындағы Батыс Еуропа классикасының сахналық игерілуі туралы сөз қозғаған профессор Мухаббат Туляходжаеваның ойын осы елден келген әріптесі Марфуа Хамидова өнертану ғылымының даму соқпақтарындағы жаңашылдық сипаттар жайлы баяндамасымен толықтырып, жалғады.
Конференция жұмысы Кельн университетінің профессоры Ирина Миллердің, ресейлік профессор Н.Арсентьеваның, өзбекстандық өнертанушы М.Туляходжаеваның шеберлік сабақтарымен ұштасты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ