Ол Шыңғыс Айтматовтың қасында жүріп, екеуі аға-інідей етене араласты. Ғалым өзінің көптеген зерттеулерін жазушының шығармашылығын талдауға, насихаттауға арнады. Қазір белгілі ғалым Қырғыз Ұлттық академиясының вице-президенті.
2015 жылы Абдылдажан Акматалиев Ұлттық академияның құрамындағы Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының ұсынуымен «Айтматов жайлы этюдтер» атты кітапты жарыққа шығарды. Бұл кітапта автор заңғар жазушының өмірінің көпшілікке белгісіз тұстарын, қызметін, көптеген оқиғаларға қатысты ой-пікірлерін, әсерін баяндайды.
Абдылдажан Акматалиев ұлы жазушыны алғаш рет 1980 жылдың 1 қазанында Фрунзеде Ғылым Академиясында өткізілген бүкілодақтық ғылыми конференцияда көреді.
Конференцияда үзіліс жарияланғанда, бір кісімен тұрған жазушыға жігіт жақындап, қысыла: – Сізбен сөйлесуге бола ма? – дейді.
– Айта беріңіз, – дейді жазушы күлімсіреп.
– Шыңғыс Төреқұлұлы, мен жақында іссапармен Алматыда болдым. Сізге достарыңыз Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов сәлем айтып жатыр. Осыны сізге жеткізгім келді, – дейді Акматалиев.
– Рахмет! Сенің есімің кім? Не үшін онда бардың? – деп сұрайды жазушы. Өзінің аты-жөнін айтқан жігіт Айтматовтың шығармашылығын зерттеп, диссертация жазып жатқандығын, Алматыға материал жинау үшін барғанын айтады.
– Е-е, «Советтік Қырғызстанда» жарияланған Қалтаймен болған сұхбат сенің жұмысың екен ғой, – дейді жазушы. – Менікі, – дейді жігіт, жазушының бұның интервьюін оқып фамилиясын еске сақтап қалғанына қуанып. Жазушы жігіттің қолын қатты қысып, одан соң көлігіне отырады. Бақыттан басы айналған жігіттің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалады.
1981 жылдың 27 қазанында қырғыз-қазақ әдеби байланыстарындағы мәселелер бойынша сұрақтар қоймақ болып жазушының кабинетіне келген Акматалиевке Шыңғыс Айтматов «Қырғыз әдебиетін танушылар ішіндегі таланттыларының бірі – менің кіші інім Акматалиев Абдылдаға» деген тілек-қолтаңбамен қырғыз тілінде шыққан «Ғасырдан да ұзақ күн» атты кітабын сыйға тартады.
1983 жылдың 25 қарашасы – Абдылдажан Акматалиев үшін ең бақытты күндердің бірі. Бұл күні заңғар жазушы ғалымның үйінде қонақта болады. Сол күннен бастап, екеуінің арасында отбасылық қарым-қатынас орнайды. Жас ғалым үлкен жазушымен достыққа, шығармашылық байланысқа, адами қарым-қатынасқа қылау түсірмеді. Жазушының өтініші бойынша ғалым оның қызы Ширин мен ұлы Эльдарды қырғыз тіліне, грамматикасына, әдебиетіне үйретіп, аптасына екі рет сабақ та жүргізеді. Балалар әдебиеті інжу-маржанымен сусындатады. Жазушы және оның жұбайы Мария Урматқызы ізденгіш жас ғалымға риза болады.
Абдылдажан Акматалиев жазушымен өнер-білім, әдебиет, дәстүр мәселелері бойынша көп пікірлескен адам. 1986 жылы қазақ әдебиеті туралы сөз қозғалғанда, Айтматов Шерхан Мұртазаның үйінде Оралхан Бөкеевпен танысқанын айтады. Акматалиев болса өз тарапынан Оралхан Бөкеевтің, Әбіш Кекілбаевтың, Софы Сматаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Сайын Мұратбековтің шығармашылығы туралы өз ой-пікірімен бөліседі. Осы әңгіме барысында Шыңғыс Төреқұлұлы Әбіш Кекілбаевтың өте дарынды жазушы екендігін айтып, ол туралы өте жылы лебіз білдіреді. Бұдан қырғыз зиялыларының қазақ әдебиетінің жай-күйін назардан тыс қалдырмай бақылап отыратынын аңғарасыз.
Акматалиевтің өзі Шыңғыс Төреқұлұлына диссертациясын қорғарда және Қырғызстан Ленин комсомолының сыйлығын аларда М.Қаратаевтың, З.Ахметовтің, З.Қабдоловтың, Қ.Мұхамеджановтың қолдағанын айтып отыратын. Олардың лебізінен туысқан халыққа деген сыйластықты, үлкен құрметті сезесіз.
«Айтматов жайлы этюдтер» кітабында автор 1987 жылдың 25 қыркүйегінде Алматыда Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияға кеңінен тоқталады. Кездесуді республика басшысы Колбиннің ашқанын, экономикадағы табыстарға тоқталып, мәдениет пен әдебиет мәселелеріне келгенде Олжас Сүлейменовке қарап: «Осылай ғой, Олжас Омарович?» – деп ара-тұра сұрау тастағанында, ақынның үндемегені, жүзінің қуарғаны жан дүниесінің алай-дүлей болып жатқанын аңғартса керек. «1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін екеуінің арасындағы текетірестен біз хабардар едік. Колбин өз сөзін қазақ тілін үйреніп жатқандығымен аяқтады. Одан соң Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Камиль Яшен, Мумин Каноат сөйледі. Бірақ, барлық сөйлеушілердің емен-жарқын ашыла алмағанын аңғардық. Бір сағатқа созылған кездесуде ат шаптырым кабинетте жайсыз ахуал сезіліп тұрды», деп жазады автор. Сол күні сағат 17-де сол кездегі Ленин атындағы Сарайда салтанатты жиналыс басталады. Мінберге Олжас Сүлейменов көтерілгенде, залда жиналған көпшілік біразға дейін қол соғып тұрып алады. Залда тыныштық орнағанда, өр ақын өз сөзін бастап кетеді. Ол Әуезовтің өмірі, қызметі мен шығармашылығы, басына үйірілген қауіп пен қатер жайлы айтады. Оның әрбір сөзі тыңдаушысының жүрегіне дәл жетіп жатты. «Бұл 1986 жылғы желтоқсан трагедиясынан кейінгі алғашқы салтанатты жиналыс еді. Жиналғандардың көбінің жанарына жас кептелді. Олар орындарынан тұрып, қол соқты. Мен мұны қайғыны қуаныштың жеңгені, болашаққа деген сенімнің алаулағаны деп түсіндім. Олжас Сүлейменов қолын кеудесіне қойып, көпшілікке алғыс білдіріп жатты. Бірақ, жиналғандар қол соғуын тоқтатпады. Бұл жойқын ағыстың берік плотинаны бұзып-жарып кеткендігін еске салды. Олжас Сүлейменов жанарына келіп қалған жасты жасыра алмай, сүртіп жібергенде, көпшіліктің қол соғуы ұзақ овацияға ұласты. Мен партияның Орталық Комитеті өкілдерінің жүздеріндегі абыржушылықты байқадым. Бірақ, олардың өздері де азаматтық ұстанымға деген халықтың осындай алғыс білдіруін тоқтата алмайтынын түсінді. Ақыры, Олжас Сүлейменовтің өзі залды тыныштандырды. Барлық жиналғандар секілді мен де халық мүддесі үшін күрескен ұлдарын құрметтеп, елдің көкке көтеретініне көз жеткіздім», деп жазады автор.
Сол жылы мамыр айының жаймашуақ күндерінің бірінде жазушы мен жас ғалым Фрунзе көшелерімен әңгімелесіп келе жатып, Ғылым Академиясының геология институты орналасқан ғимаратқа жақындайды. «Міне, осы жерде 1952 жылы «Манас» эпосын талдаған үлкен жиналыс өтті. Біз, жастар оны тыңдауға бардық. Сонда мен алғаш рет Мұхтар Әуезовті көріп, сөзін тыңдадым. Залда ине шаншар орын болмады. Себебі, біздің ұлы мұрамыз «Манас» эпосының тағдыры шешіліп жатты. Тек Әуезовтің батылдығы, даналығы және шешендігінің арқасында «Манас» эпосы халыққа қайта оралды. Әуезовтің жалынды сөздеріне риза болған көпшілік бірнеше рет қол соғып отырды. Сонда маған шешеннің кең де ашық маңдайы, мәселені талдаудағы батылдығы, жан дүниесінің тереңдігі ұнады. Кейіннен ол екеуміз бір-бірімізге әке мен баладай болып кеттік», дейді Шыңғыс Айтматов.
Ғалым негізінен қырғыз фольклоры, «Манас» эпосын және Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын зерттеумен айналысты. Оның заңғар жазушының өмірі, қызметі және шығармашылығын зерттеп, әр жылдары «Шыңғыс Айтматов және бауырлас халықтар әдебиеті», «Шыңғыс Айтматов шығармашылығы КСРО-ның түркітілді халықтар әдебиетімен байланыста», «Шыңғыс Айтматов: өмірі мен шығармашылығы», «Шыңғыс Айтматов және әдебиеттер байланысы», «Айтматов туралы сөз», «Ұлттар әдебиетін байыту үрдісінде Ш.Айтматовтың шығармашылық белсенділігінің мәні», «Чингиз Айтматов: Живи и помни», «Чингиз Айтматов: Человек и Вселенная», т.б. 30-ға тарта монография жазды. Бұдан өзге ТМД елдерінің баспасөзінде көптеген еңбектері жарияланды. Ғалымның шығармашылығын саралағанда, оның ешқашан ерінбей-жалықпайтынын, өз ісіне үлкен дайындықпен кірісетін еңбек торысын аңғарасыз. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын талдағанда терең білімділігімен, көреген сыншылдығымен танылады.
Абдылдажан Акматалиевтің өзі де қаламгер. Он шақты әдеби жинақтардың авторы. 1987 жылдың 5 маусымында ол бірнеше жас жазушымен бірге Қырғыз КСР жазушылар одағы басқармасының төрағасы Шыңғыс Айтматовтың қолынан мүшелік билетін алады.
Абдылдажан Акматалиев «Халықаралық Айтматов клубын» құруда, «Айтматов кітаптарының кітапханасын» ашуда, Шекердегі Күркіреу Мәдениет үйінде жазушының музейін, «Айтматов оқуларын» ұйымдастыруда үлкен жұмыстар атқарды.
Ғалым 1993 және 2008 жылдары Швед академиясының Нобель сыйлығын беру комитетіне хат жолдап, түркі халықтары жазушыларының ішіндегі марапатқа лайықтысы деп Шыңғыс Айтматовтың кандидатурасын ұсынады. Оған осы жылдары Швед академиясындағы К.Еспмарк, С.Аллен секілді лауазымды мырзалармен жазысқан хаттары куә.
Бүгінде ғалым – Халықаралық Айтматов академиясының президенті. 2008 жылдан бері Ғылым академиясының құрамындағы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры.
Әрине, Шыңғыс Айтматовтың мұраларын көздің қарашығындай сақтауда, насихаттауда оның ұрпағы, бауырлары өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, Абдылдажан Акматалиевтің орны бөлек.
Нұрлан ЕСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты
Тараз