Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті зор сенімді серіктес, достық қатынастағы қуатты мемлекет ретінде санаймыз. Сонымен қатар, өңірдегі саяси тыныштық пен тұрақтылық Қазақстанның «төлқұжатына» айналды десек те болады. Ендеше, мәлімделген басымдықтар сәтті жүзеге асу нәтижесінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басады деген сенімдемін.
Конституциялық реформаны жүзеге асыру оңай емес. Ол – едәуір ерік-жігерді қажет ететін ауқымды мәселе. Себебі, мұндай өзгеріс енгізу өз кезегінде жүйелі әрі мұқият дайындықты және зор жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, дамудың даңғыл жолы мен кемелденген келешектің кілті осындай шешімдер қабылдаумен тікелей байланысты болмақ.
Мен депутат ретінде басқару ісінде Парламент рөлінің күшеюін құптаймын. Солай десек те, осы кезге дейін президенттік институттың басымдыққа ие болуы елдің қалыптасу кезеңіндегі алғашқы жылдарда өзінің тиімділігін көрсеткендігін де айта кеткен жөн. Өйткені, мұндай игі істің нәтижесінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты реформалар өте сәтті жүзеге асты. Осының бәрі де Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен жоғары беделінің әрі серіктестері арасындағы достық қарым-қатынасының арқасында орындалды. Мұны біз мемлекеттің қазіргі қоғамдық әлеуметтік-саяси жағдайына қарап та аңғарамыз.
Ал енді Қазақстанның Үшінші жаңғыруына қатысты айтар болсам, жергілікті халықтың қайта жаңғыруға деген ынта-ықыласы мен құлшынысы зор екені айқын көрінеді. Сонымен қатар, Президент Жолдауын жүзеге асыру арқылы қазақстандықтардың ел экономикасы мен тұрмыс-тіршілікті түпкілікті өзгертуге күш-жігері жеткілікті деп санаймын. Оған мемлекеттің де мүмкіндігі мол. Мұндай жарқын көріністердің Қазақстан мен Эстонияның арасын одан сайын жақындата түсетіні күмәнсіз.
Қазақстан – Эстония үшін Азияға ашылған қақпа. Оған нақты мысал ретінде екі ел арасындағы көлік-логистика саласында орнаған терең әріптестікті айтар едім. Өз кезегінде құрлықаралық қатынасты жандандыру бағытында көлік дәлізін құру арқылы Қазақстанмен байланысымыз тереңдей түсетін болады.
Денис БОРОДИЧ,
Эстонияның Рийгикогу (Парламент) депутаты, Қазақстанмен әріптестік жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі