Жұмыс тобының құрамында комитет мүшелері, сенаторлар И.Адырбеков, М.Алтынбаев, Н.Әбіқаев, С.Жақсыбеков, Л.Қиынов, Г.Ким бар. Оларды әуежайдан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев күтіп алды.
Комитет мүшелері, ең алдымен, Қазақстан Қарулы Күштерінің Шымкент гарнизонында болып, жеке құрамның күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, авиациялық базаның әскери бөлімдеріндегі жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, Су-25, МиГ-29 ұшақтары мен Ми-17, Ми-171 Ш және Ми-35 М тікұшақтары тұрған әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін көрді. Радиотехникалық және зениттік зымыран есептоптары мен әскери авиация экипаждарының жауынгерлік мүмкіншіліктерін тамашалады.
Бұдан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне арнайы келді. Кездесу барысында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов депутаттарды еліміздің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 6506 әскери бөлімінің жауынгерлік қызметі және әскердің жеке құрамына жүктелген құқық қорғау міндеттері туралы, сондай-ақ, әскери құрылымды одан әрі дамытудағы келешекте атқарылатын істер жайында хабардар етті.
Сапар барысында сенаторларға техниканың, қару-жарақ пен қорғаныс құралдарының жаңа үлгілері, сондай-ақ, Ұлттық ұлан қамтамасыз етілген киім үлгілері таныстырылды. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының жауынгерлері өздерінің әдіс-тәсілдерінен қойылымдар көрсетті. Комитет мүшелері гарнизондағы ішкі әскердің 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жаужүрек 17 жауынгерінің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы