• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:44

Шетелдіктерге заңсыз ЖСН рәсімдеу схемасы әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті шетел азаматтарына Қазақстан Республикасына келмей-ақ жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеумен айналысқан топты анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тергеу барысында анықталғандай, 2024-2025 жылдары өтініш берушілердің елге келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге көмектесетін арнайы схема ұйымдастырылған. Тіпті бұл қылмыстық әрекетті іске асыру мақсатында әлеуметтік желіде арнайы арна ашылып, ЖСН-ды қашықтан алуға ниетті шетел азаматтары жаппай іздестіріліп, тартылып отырған.

Заңсыз әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалының жекелеген қызметкерлері қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН рәсімдеуге қажетті өтінімдерді заң талаптарын бұза отырып рәсімдеген.

Заңсыз қызмет үшін алынған сыйақы делдалдар арқылы банктік аударымдар түрінде беріліп, кейін қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда шетел азаматтарына арналған көші-қон қызметтерін цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Енді олар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) және басқа да мемлекеттік қызметтерді жаңа мобильді қосымша арқылы ала алады.

Жанбота БАХЫТБЕК,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар