Әлем чемпионаты қарсаңында Нью-Йорктегі бірнеше көшеге уақытша әйгілі футболшылардың есімі берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеше АҚШ, Мексика мен Канада бірлесіп қабылдап жатқан әлемдік доданың шымылдығы түрілді. Турнирдің финалы келесі айда Нью-Джерси штатындағы MetLife Stadium аренасында өтеді. Чемпионат кезеңінде стадионға уақытша New York New Jersey Stadium атауы берілген.
Сондай ақ Манхэттеннің орталығындағы 50-көше мен 6-авеню қиылысы «Тьерри Анри Уэй» деп аталды. Іс-шараға Франция құрамасының 1998 жылғы әлем чемпионы, «Арсенал» мен «Барселонаның» бұрынғы шабуылшысы Тьерри Анри бейнебайланыс арқылы қатысты.
Футболдан Әлем чемпионатын қайдан көруге болады?
Анри Нью-Йорктің «Ред Буллз» клубының сапында өнер көрсеткен. Франциялық футболшы MLS лигасында бес маусым өткізіп, 2014 жылға дейін команда сапында ойнаған.
Сондай-ақ Куинс ауданындағы Shea Road және Meridian Road көшелерінің қиылысына уақытша бразилиялық футбол аңызы Пеленің есімі берілді.
Қала әкімдігінің шешіміне сәйкес, көшелердің жаңа атаулары 1 қарашаға дейін сақталады.
Айта кетейік, кеше Мексикада Әлем чемпионатының алғашқы ашылу салтанаты өтті. Бірінші ойында мексикалықтар Оңтүстік Африка Республикасы құрамасын 2:0 есебімен жеңді.