Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың жолын кесу, сондай-ақ көлік құралдарын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқаратын жүргізушілерді анықтау мақсатында осы айдың 10-14 күндері аралығында «Жалған нөмір» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедиянов атқарылған іс-шаралараға тоқталып өтті.
«Іс-шараның алғашқы күнінің өзінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 152 дерегін анықтады. Оның ішінде жалған нөмір орнатудың 2 фактісі және жалған нөмірмен көлік басқарудың 4 фактісі тіркелді. Сондай-ақ 21 жүргізуші оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен жүрген, 6 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, ал 9 адам көлікті мас күйінде басқарған. Әртүрлі құқықбұзушылықтар үшін 23 көлік құралы арнайы тұраққа қойылды», дейді Бәкібай Ахмедиянов.
Жалған нөмір таққандар енді түрмеге жабыла ма? Депутат қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды
Polisia.kz мәліметінше, Еңбек ауылында патрульдік полиция қызметкерлері ВАЗ автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Тексеру барысында оның көлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарғаны анықталды. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Полиция жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану – қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін ауыр құқық бұзушылық екенін еске салады.
Бұған дейін биыл қаңтар айында елімізде жалған нөмірмен жүрген 900-ден астам жүргізуші ұсталғаны туралы хабарлаған едік.