Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Өзбекстанның салық жүйесін салыстырып, көрші елдегі кәсіп жүргізу шарттары әлдеқайда тиімді деген пікірлер жиі айтылады. Алайда соңғы өзгерістерді саралау екі ел арасындағы айырмашылық әлі де елеулі екенін көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
QZ Economy Талдау телграм арнасының мәліметінше, Өзбекстан Президенті 26 мамырда «Шағын бизнес субъектілерінің өсуіне қолайлы экономикалық және әкімшілік жағдайларды одан әрі жақсарту туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар салықтық жаңашылдық қарастырылған.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – шағын бизнестің жеңілдетілген салық режимінен жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өту шегінің ұлғаюы. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1 млрд сум болса, енді 5 млрд сумға дейін, яғни шамамен 200 млн теңгеге жуық деңгейге көтерілді.
Бұл көрсеткіш бес есе артқанымен, Қазақстандағы мүмкіндікпен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Биылғы 1 қаңтардан бастап жаңартылған жеңілдетілген декларация режимінде табыс шегі 600 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни шамамен 2,6 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса кәсіпкерлер қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады.
Өзбекстанда тағы бір жаңалық – қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығын төлеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу. 1 маусымнан бастап олар бұл режимді ерікті түрде пайдалана алады.
Жаңа тәртіп бойынша ҚҚС мөлшерлемесі айналымның 6%-ын құрайды. Ал пайда салығы бойынша 0% мөлшерлеме белгіленіп, есептілік тапсыру міндеті жойылады. Дегенмен кәсіпкерлердің кіріс ҚҚС-ын есепке алуына, жеңілдіктер мен қайтарым алуға мүмкіндік берілмейді.
Өзбекстан шетелдіктер үшін арнайы салық режимін енгізеді
Қазақстанда бұл бағытта басқа тәсіл қолданылады. Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде кәсіпкерлер табыс салығын төлейді. Оның базалық мөлшерлемесі 4%, ал жергілікті мәслихаттардың шешімімен 2%-дан 6%-ға дейін өзгеруі мүмкін. Бұл режимде ҚҚС мүлде қарастырылмаған.
Сарапшылардың пікірінше, Өзбекстан төмендетілген мөлшерлемелер арқылы бизнесті бөлшектеуге тосқауыл қойып, кәсіпкерлерді ҚҚС жүйесіне ерікті түрде тартуға ұмтылып отыр. Ал Қазақстан бұл кезеңнен өтіп, салықтық бақылауды толық цифрландыруға көшкен.
Мәселен, елімізде ҚҚС әкімшілендіру электронды шот-фактуралар мен бақылау-касса машиналары арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар жеңілдетілген режимді қолданатын кәсіпорындармен өзара есеп айырысу кезінде шегерімдерге қойылатын шектеулер де бар.
ҚҚС әкімшілендіру мәселесінде де екі елдің ұстанымы әртүрлі. Өзбекстан салықты қайтару рәсімдерін автоматтандыруға кірісіп жатыр. Келесі жылдан бастап тәуекелі төмен кәсіпкерлерге ҚҚС автоматты түрде қайтарылмақ. Алайда қайтарылатын сома 10 млн сумнан немесе шамамен 425 мың теңгеден аспайды.
Сондай-ақ биылғы қазан айына дейін электронды шот-фактуралар мен салық есептілігіне негізделген нақты уақыт режиміндегі автоматты қайтару жүйесін енгізу жоспарланған.
Ал Қазақстанда ҚҚС төлеуші куәлігі биылдан бастап толық жойылып, есеп жүргізу электронды тізілім арқылы жүзеге асырылады. Бұл салықтық рәсімдерді оңайлатып, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді.
Жалпы сарапшылардың бағалауынша, Өзбекстан салық жүйесін жаңғырту бағытында белсенді қадам жасап жатқанымен, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктері, цифрлық әкімшілендіру деңгейі мен жеңілдіктер көлемі жағынан Қазақстан әзірге басымдықты сақтап отыр.
Бұған дейін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қою рәсімі өткенін хабарлағанбыз.