• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Балалар Кеше

Елімізде балалар спортына қандай қолдаулар қарастырылған?

Қазақстанда балалардың қосымша білім алуына, шығармашылық дамуына және спортпен шұғылдануына қолжетімділік артқан. Елімізде балалардың 90 пайызға жуығы түрлі үйірмелер мен секцияларға барады, деп хабарлайды Egemen.kz.

2025 жылдан бастап қосымша елімізде білім беруді ваучерлік қаржыландырудың бірыңғай жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінгі таңда спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттары бойынша 600 мыңнан астам бала ваучер иеленген. Бұл жүйе қаржыландыруды әр балаға бекітіп, мемлекеттік қолдаудан айырылмай-ақ білім және спорт бағдарламаларын еркін таңдауға мүмкіндік береді. Министрлік мәліметіне сәйкес, еліміздегі балалардың шамамен 90 пайызы түрлі үйірмелер мен секцияларға қамтылған.

Балалар спортына 74 млрд теңге бөлінеді

Бүгінде елде 1,8 млн-ға жуық бала тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады, бұл жалпы балалар санының 34,6 пайызын құрайды. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 45 пайызға жеткізу жоспарланған.

Негізгі басымдық балалардың спорт секцияларына, инфрақұрылымға және білікті жаттықтырушыларға қолжетімділігін кеңейтуге беріліп отыр. Осы бағытта балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру жүйесі реформалануда. 2026 жылдан бастап жан басына нормативтік қаржыландыру енгізіледі, бұл ретте қаражат әрбір тәрбиеленушіге бөлінетін болады.

Орташа қаржыландыру көлемі бір спортшыға шаққанда 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар біліктілік тестілеуінен өткен жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысын 30 пайызға арттыру көзделген.

Министрлік: Балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артады

2026-2028 жылдары реформаны іске асыруға 74 млрд теңге бөлініп, қаражат материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жарыстарға қатысуға, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және спорттық дайындық сапасын арттыруға бағытталмақ.

Еліміздің барлық өңірінде инклюзивті спорт орталықтары ашылады

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, олардың ішінде 100 мыңнан астамы – балалар.

Елде паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері жүйелі түрде дамып келеді. Мемлекет бұл бағытқа жан-жақты қолдау көрсетіп отыр – қабылданған заңнамалық өзгерістер нәтижесінде параспортты дамытуға басымдық беріліп, спортшыларды қолдау шаралары кеңейтіліп, өңірлерде спорттық қызметтердің қолжетімділігі артып келеді.

Алдағы жылдары еліміздің барлық өңірлерінде инклюзивті спорт орталықтарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, балаларды қолдауға және оларды спорттық өмірге бейімдеуге бағытталған ұлттық инклюзивті «Жұлдызай» ойындары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Еске сала кетейік, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туристік сала мен балалар спортын қолдау туралы заңға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар