Қазақ күресінде күні бүгінге дейін ас пен тойда автокөлік, қомақты қаражат, төрт түлік мал секілді жүлделер көбіне ересектер арасындағы жарыстарға тігіліп келгені белгілі. Әсіресе бас жүлдеге темір тұлпар тігілген додаларға негізінен үлкен балуандар қатысатын. Ал жас балуандар арасындағы жарыстарда қаржылай сыйақы болғанымен, автокөлік секілді ірі жүлденің бұйыруы сирек кездеседі.
Жақында Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылының 5-сынып оқушысы Қасымжомарт Мұхитұлы қазақ күресінен халықаралық турнирде чемпион атанды. Созақ ауданында өткен сайыста 10 жастағы талант өз салмағында қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, бас жүлдеге тігілген «Мерседес» автокөлігін жеңіп алды. Балғын балуанның әкесі де, атасы да күрес өнерін серік еткен жандар. Атасы Айтжан Додабаев – қазақ күресі мен самбодан спорт шебері, республикалық және халықаралық додалардың жүлдегері. Әкесі Мұхит Додабаев та бұл өнерден кенде емес, бала күнінен күреспен шұғылданып, түрлі жарысқа қатысқан тәжірибелі спортшы.
Сөйтіп, атаның жолын немере жалғап, балуандар әулетінің дәстүрі үзілмей келеді. Балғын спортшының арманы да асқақ – ол болашақта Олимпиада чемпионы болуды мақсат етеді.
Үш жыл бұрын Отырар ауданының Қоғам ауылында спорт ардагері, руханият жанашыры Оңалбек Әуелбековтің бастамасымен және демеушілігімен заманауи спорт кешені бой көтерген болатын. Сол уақыттан бері бұл берекелі ордадан талай талантты жас түлеп ұшты. Халықаралық додаларда топ жарып жүрген дарынды буынның қатарында Қасымжомарт та бар. Бапкерлері Абылайхан Өскенбай мен Бурахан Жұмагелдиев жаттықтыратын жас балуан еңбек пен табандылық қана биік белестерге бастайтынын жақсы түсінеді.
«Кіндік қаным тамған Қоғам ауылында спорт кешенін салу туралы бастама көтергенде, осындай өрендер өсіп шықса деген арманым болған еді. Шүкір, бүгінде сайдың тасындай іріктелген, тегеуріні мықты балалар өсіп келеді. Ел спортының болашағы – осы кейінгі буынның қолында. Бұл баланың атасы кезінде қазақ күресінің әліппесін өзімнен үйренген, өте қарулы, қайсар балуан еді. Немересі де сол атасына тартқан сияқты. Қажымұқан бабамыздың жолын берсін, әлем және Олимпиада чемпионы болсын. Ата-аналарға айтарым: егер ұл-қыздарыңыз қырандай қырағы, сұңқардай өр, арыстандай айбатты болып өссін десеңіз, спортқа баулыңыз», дейді О.Әуелбеков.
Қасымжомарт жазғы демалыс кезінде де уақытын бос өткізбей, жаттығуын үзбей жалғастырып келеді. Алда тұрған бәсі жоғары, жүлдесі қомақты турнирлерде де ол өз намысын қолдан бермеуге бар күшін салмақ.