Павлодар қаласында сауда орталығына барған зейнеткер телефон алаяқтарының арбауына түсіп, өз жинағынан айырылып қала жаздады. Қаскөйлердің психологиялық қысымына сенген ол 4 млн теңгесін алаяқтардың шотына аудармақ болған, деп хабарлайды Egemen.kz
Алаяқтар алғашқы қоңырау кезінде өздерін медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, тексеруден өту сылтауымен SMS-кодты атауын сұраған. Қауіпті сезбеген зейнеткер қажетті мәліметтерді айтып қойған. Кейіннен олар «қауіпсіздік қызметі» ретінде қайта хабарласып, оның банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын алға тартып, барлық қаражатын дереу басқа шотқа аударуға көндірген.
Жетісуда мыңнан астам алаяқтық сайт бұғатталды
Қатты алаңдаған зейнеткер есепшотынан 4 млн теңге шешіп алып, Batyr Mall сауда орталығына барған. Алаяқтар онымен телефон арқылы байланысын үзбей, әр қадамын бақылап отырған.
Алайда қылмыс ІІМ oқу орталығының қызметкері Салтанат Каримованың қырағылығының арқасында кесілді. Егде жастағы азаматтың мінез-құлқындағы күмәнді әрекеттерді байқаған ол дереу полиция шақырып, зейнеткерді ақшаны аударудан сақтап қалуға тырысқан.
«Осындай сәттерде бейжай қалмай, күмәнді жағдайды байқасаң, дереу әрекет ету өте маңызды. Сол сәтте мен тек адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жөн санадым», дейді Салтанат Каримова.
Полицейлердің жедел әрекеті мен қызметкердің қырағылығының арқасында зейнеткер өз қаражатын сақтап қалды, ал алаяқтар қылмыстық ниетін жүзеге асыра алмады.
Қарағандыда зейнеткерлерді алдаған алаяқ ұсталды
ІІМ азаматтарды тағы да ескертеді: банк, құқық қорғау органдары, медициналық мекемелер және өзге де ресми құрылымдар телефон арқылы ақша аударуды, SMS-кодтарды айтуды немесе жеке деректерді беруді талап етпейді.
Алаяқтардың бір ғана қоңырауы адамның өмір бойғы жинағын жоғалтуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан күмәнді қоңырауларға сенбей, әрқашан ресми арналар арқылы тексеру қажет.