• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 17:45

Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады

Мәнерлеп сырғанаудан Милан қысқы Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров қаржыландыру мәселелеріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олимпиада чемпионы жазбасында жалақысына байланысты даудан соң жаңа мәлімдеме жасауға тура келгенін атап өткен.

Спортшының айтуынша, ол 2025 жылы барлық талаптарды орындағанына қарамастан, әлі күнге дейін Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері куәлігін алмаған.

Сондай-ақ Шайдоров өзі мен командасының соңғы бес айдан бері жалақы алмағанын, ал жаңа маусымға дайындықтың іс жүзінде тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол 2026 жылға арналған жаңа келісімшартта әлі болмаған алдағы Олимпиада ойындарының медалін жеңіп алу міндеті жүктелгенін атап өтті.

«2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау үшін менімен және командаммен тек мамыр айының ортасында ғана байланысқа шықты. Менде мұны растайтын хат алмасу бар. Келісімшарт әлі келісілген жоқ, бірақ бұл менің сомаға келіспеуімнен немесе келуден бас тартуымнан болып отырған жоқ. 2026 жылдың соңына дейінгі мерзімге жасалған келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген», деді Михаил Шайдоров.

Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоров жалақысына қатысты түсінік берді

Сондай-ақ ол егер кешіктірілген төлемдер аударылса, жиналған жалақысының барлығын балаларға көмек көрсетуге бағыттайтынын жеткізді.

«Менің ойымша, әркім өз жұмысын атқаруы керек. Мен – спортшымын, менің міндетім – күніне үш рет жаттығуға шығу, мен мұны орындап жүрмін. Егер алдағы уақытта маусымға арналған қаржы бөлінсе, кешіктірілген жалақымның барлығын Балаларды қорғау күніне орай балаларға көмек көрсетуге бағыттаймын», деді ол.

Мәнерлеп сырғанаушы бұл жағдайды жұртшылыққа жария еткісі келмегенін, алайда өзінің атына нұқсан келтіруге жол бере алмайтынын айтты.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоровтың алғашқы мәлімдемесіне қатысты бұған дейін бірқатар олимпиада чемпиондары пікір білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар