Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров төңірегіндегі дауға қатысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, спортшының жалақысын төлемеуге қатысты ешқандай факті анықталмаған. Ал мұндай жағдайдың туындауына бұрынғы келісімшарттың аяқталуы себеп болған.
«Михаил Шайдоров 2026 жылдың ақпанына дейін бұрынғы келісімшарт бойынша жалақы алып келді. Олимпиададан кейін бұл келісімшарт аяқталды. Наурыз айынан бастап жаңа циклге арналған келісімшарт жасалуы тиіс еді. Қазіргі таңда жаңа келісімшартқа қол қойылмағандықтан, жаңа төлемдер беруге заңды негіз жоқ», деді Ербол Мырзабосынов.
Ведомство басшысы жаңа келісімшарт барлық ұлттық құрама спортшыларына ортақ типтік шарт негізінде ұсынылатынын атап өтті. Оның айтуынша, спортшының олимпиадалық жетістігі ескеріліп, оған тиімдірек шарттар қарастырылған.
«Қаржыландыруды қысқарту немесе жағдайды нашарлату туралы әңгіме жоқ. Керісінше, оның мәртебесі ескерілген. Бірақ спортшы келісімшарттағы «міндеттемелер» тармағымен келіспеген», деді министр.
Сонымен қатар ол спортшыға қатысты қысым жасалып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл жерде қандай да бір қысым немесе жазалау орын алып жатқан жоқ. Барлық мәселе тек заңдық сипатта қаралып жатыр», деді Ербол Мырзабосынов.
Министр Олимпиада алтыны үшін берілетін сыйақы маусым-шілде айларында төленетінін, ал спортшыға «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы бойынша бұйрық бұрыннан дайын екенін, тек ресми табыстау рәсімі қалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол барлық мәселе бақылауда екенін айтып, заң аясында шешілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы жалақысының 5 ай бойы кешігіп жатқанын айтып мәлімдеме жасаған болатын. Жағдайға қатысты елімізден шыққан Олимпида чемпиондары пікір білдірген еді. Сондай-ақ Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады.