Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң жобасының авторы Еділ Жаңбыршинге мұнай компанияларына тексеріс жүргізу, осы мәселеге қатысты Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстердегі қарама-қайшылықтар жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат сөздің басын «мұнай біздің бағымыз әрі сорымыз» деп бастап, оның Қазақстанды асырап отырғаны не керек, батыс өңірінің жұртшылығы осы мұнайдың зардабын тартып отырғанын алға тартты.
«Менің көтергелі отырған мәселем – Кәсіпкерлік кодекс пен Экологиялық кодекстің арасындағы проблема. 2015 жылы Кәсіпкерлік кодексті қабылдадық, соған сәйкес кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге бір ай бұрын ескерту деген норманы енгізіп қойдық. Содан бері батыс өңірлерінде, әсіресе, мұнай қалдықтарын төгу салдарынан зардаптарды жою және жауапкершілікке тарту мәселесі туындап келеді. Ең соңғы жағдай 2024 жылы «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясына Каспийге мұнай қалдықтарын төккені үшін 32 млрд теңгеге айыппұл салынды. Бірінші сот күшінде қалдырды, апелляциялық сот заңды деп тапты. Жоғары сот бір ай бұрын ескертілмеген деген процедуралық негіздермен бұның бәрін заңсыз деп бұзып тастады», деді Абзал Құспан.
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай соңғы 10 жылда тұрақты түрде қайталынып келе жатыр. Жоғары сот төменгі соттардың актілерін бұза салады.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұл мәселе тек мұнай газ саласына қатысты емес, барлық І және ІІ категориялы нысандарға қатысты екенін айтты.
«Бұлар енді аса қауіпті нысандар болып есептеледі. Кәсіпкерлік кодекстен экологиялық бақылау, қадағалау мәселесін алып, осы салалық Экокодекске енгіздік. Бұл жерде үш мәселе – дистанциялық бақылау, бақылау және автоматтандырылған мониторингтік бақылау бар. Дистаниялық бақылау бойынша ол жерде құқықбұзушылық болса, айыппұл салынбайды. Бірақ ол тексеруге негіз болады», деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, тексерудің өзі екіге бөлінеді – жоспарлы және жоспарсыз.
«Мәселе сол жоспарсызда болып отыр. Қазір тексергенде прокуратурадан тіркелу керек, оған уақыт кетеді, бұл аралықта компаниялар өздерінің бүлдірген заттарын жасыруы мүмкін немесе жел соғып улы газдарды алып кетеді. Фактіні ол жерде фиксация жасау өте қиын. Сондықтан біздер осы норманы енгіздік. Екінші оқылымға дейін бұл мәселеге нүкте қоятын шығармыз», деді депутат.