Әлем қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде ғылымды ұйымдастырудың бұрынғы тәсілдері тиісті нәтижені қамтамасыз ете алмай отырғаны белгілі. Осыған байланысты жаһандық үрдістерге сай келетін әрі заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын жаңа тетіктерге деген қажеттілік туындайды. Сондықтан 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылым саласына, оның ішінде Ұлттық Ғылым академиясына жүйелі реформалар жүргізу қажеттігін жариялап, бұл жұмысты елдің саяси трансформациясының маңызды құрамдас бөлігі деп санағаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл стратегиялық бастамасын ғылыми қауымдастық зор серпіліспен қабылдап, ғылымның қайта жаңғыруына үлкен үміт артып отыр.
Осы тапсырманы орындау шеңберінде Академия Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы болып қайта құрылып, оған мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл жұмыс шетелдік үздік тәжірибені ескере отырып, қалыптасқан ғылыми құрылымды бұзбай, қосымша әкімшілік ұйым құрмай жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда жаңарған Академияның институционалдық қалыптасуы толық аяқталып, оның қызметін реттейтін заңнамалық база дайындалды.
Әлемнің жетекші академиялық бірлестіктерінің тәжірибесі ескеріле отырып, Академияны дамытудың 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясы әзірленіп, қабылданды, миссиясы мен пайымы айқындалды. Басқарудың заманауи ұйымдастырушылық моделі қалыптасты. Негізгі бағыттар бойынша 19 академик толық мүше болып сайланды. «ҚР ҰҒА» РҚБ таратылуына байланысты оның 150 мүшесі Академия құрамына құрметті академиктер ретінде өтті. Академия тарихында алғаш рет 4 шетелдік мүше сайланды, олардың әрқайсысы ғылым мен технологияның жаңа және ең озық салаларындағы көрнекті ғалым саналады.
Отандық ғылымның жай-күйіне кешенді бағалау жүргізіліп, әлемдік тәжірибе зерделенді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру мақсатында Академия дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, басымдықтарды анықтаудың 4 деңгейлі моделін әзірледі, ол ғылыми тақырыптарды қалыптастырудың бұрынғы тәсілін түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл модель қаржы ресурсын ғылыми бағыттар арасында біркелкі бөлудің орнына оларды экономиканың бәсекеге қабілетті әрі аса маңызды салаларына басымдықпен шоғырландыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ғылыми зерттеу қызметі нәтижесінің тиімділігін барынша арттыруға жол ашылады. Аталған модель осы жылдың 2 ақпанында Үкімет отырысында таныстырылып, ел Премьер-министрінің қолдауына ие болды. Келесі жылдан бастап ол ЖҒТК (Жоғары ғылыми техникалық комиссия) ғылымның басым бағыттарын айқындаудың негізі ретінде қабылданатын болады.
Келесі маңызды бағыт – форсайттық зерттеулерді жүйелі деңгейде ұйымдастыру. Өкінішке қарай, бізде ғылыми зерттеулердің тақырыптары көбінесе экономиканың сұранысынан емес, ғалымдардың мүмкіндіктерінен туындайды. Ал дамыған елдерде зерттеу қызметі басқаша жолмен құрылады: оның басымдықтары бизнестің сұранысын ескере отырып, яғни тұрақты форсайттық зерттеулер негізінде айқындалады. Сондықтан Академия форсайттық зерттеуді жоспарлаудың тұрақты құралына айналдырды: мемлекеттік органдардың, ҒЗИ, ЖОО және бизнестің қатысуымен 75 өңірлік және салалық сессия өткізілді, 220 перспективалық міндет қалыптастырылды, соның негізінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 65 ғылыми-техникалық тапсырма дайындалды. Біздің ұсыныстарымыз алғаш рет ЖҒТК бекіткен ғылыми тақырыптарды анықтау кезінде ескеріле бастады.
Отандық форсайттың мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту мақсатында Академия халықаралық ақпараттық жүйелермен тығыз интеграциялау жұмысын қолға алды. Бұл бізге тек ғылымдағы өзекті трендтерді бақылап қана қоймай, болашақтағы даму бағыттарын да болжауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта әлемдегі жетекші талдамалық орталықтардың бірі – Корей ғылым және технологиялық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп, «AI SilkNet» форсайт және предиктивтік аналитика орталығы құрылды. Ол ғылыми жарияланымдарды, патенттерді, жобаларды және кадрлық әлеуетті бірыңғай интеллектуалдық экожүйеге біріктіреді. Аталған орталықтың деректері қай салаларға инвестиция салу керектігін, қандай технологияларды қолдау қажеттігін, қай жерде тәуекел барын, қай жерде жаңа мүмкіндік ашылатынын айқындауға ықпал етеді. Бұған дейін мұндай жүйе бізде болған жоқ. Қазір жаһандық ақпараттық желіге қол жеткізіп, әлемдік ғылымдағы үдерістерге жедел ден қоя аламыз.
Қазір ғылымды дамытудың экстенсивті моделі өз мүмкіндігін сарқығанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда басқару тетіктерін өзгертпей, тек қаржыландыру көлемін ұлғайту тиісті нәтиже бермейді. Сондықтан келесі маңызды мәселе – қолданбалы ғылым жүйесін тұжырымдамалық тұрғыда өзгерту болмақ. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Академия ашық қолданбалы ғылым моделінің жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Оның негізгі мәні – бизнестің сұранысына бағдарлану, осының негізінде бытыраңқы академиялық тақырыптарды қаржыландырудан бас тартып, нәтижеге жеткізетін толық циклді қаржыландыруға стратегиялық көшу. Бұл ретте басты назар ғылыми нәтижелерді енгізуге, сатып алуға, коммерцияландыруға қатаң түрде бағытталады. Бұл ретте ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің түпкі тұтынушылары (РННТД) ретінде бизнес субъектілерінің ғылыми жобаларды іске асыруға міндетті түрде қатысуы, тиісті деңгейде бірлесіп қаржыландыруы негізгі шарттардың біріне айналады. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, олардың нәтижелілігіне жауапкершілік нақты экономика секторымен тығыз байланысты әрі оның проблемаларын жақсы білетін тиісті салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ең бастысы, ғылыми жобаларды іске асырудың барлық кезеңі цифрлық форматта бақыланып, министрлер мен әкімдер қызметінің негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) бойынша бағаланады.
Академия қызметінің келесі бағыты – ғылыми белсенділіктегі өңірлік теңгерімсіздік мәселесін шешу. Қазір ғалымдардың 61%-ы, бюджеттік қаражаттың 71%-ы Алматы мен Астанада шоғырланған. Яғни ғылыми құзырет тұрғысынан өзге өңірлер әлсіз күйде қалып отыр. Ал дамыған елдердің экономикалық табысының негізі – дәл осы қуатты өңірлік ғылым екені белгілі.
Бізде PhD даярлау сапасы да өте төмен деңгейде, ал жан басына шаққандағы зерттеушілер саны бойынша әлемдік орташа деңгейден 25%-ға артта қалып келеміз. Докторанттардың небәрі 15%-ы ғана оқу мерзімі ішінде диссертациясын уақтылы қорғайды. Ғалымдар заманауи ғылыми инфрақұрылымға аса мұқтаж. Біз жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ғалымдардың 70%-ы қымбат ғылыми құрал-жабдықтың кем дегенде екі бірлігіне қажеттілік бар екенін көрсеткен. Тіпті ғылыми ұйымдардың басым бөлігі шоғырланған Алматының өзінде жоғары ажыратымдылықтағы бірде-бір ЯМР-спектрометр жоқ екені анықталды. Осындай жағдайда ғылыми зерттеулер сапасының әлемдік стандарттарға сәйкестігі туралы қалай айта аламыз? Академия аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстарын уәкілетті мемлекеттік органға жолдады.
Қолданбалы жобалардың форматын өзгерту керек, олардың ұзақтығы кемінде 5–6 жыл болуы керек. 3 жыл ішінде жаңа технологияны әзірлеу, оны бір мезгілде өндіріске енгізу мүмкін емес.
Мемлекет басшысының өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Академия «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бағдарламасын бастады. Оның аясында Академия Президиумының жергілікті жерлерде 11 көшпелі отырысы өткізіліп, өңірлерде ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау Тұжырымдамасы қабылданды, ірі өңірлік жоғары оқу орындарының базасында Академияның қолдауымен форсайттық зерттеу орталықтары ашылды, облыс әкімдерімен бірлесіп өңірлік ғылымды дамыту жоспарлары бекітілді, ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік Кеңес туралы Үлгілік ереже, оның жұмысын ұйымдастыру туралы ұсынымдар, қолданбалы зерттеулер конкурстарын өткізу жөніндегі нұсқаулықтар әзірленді.
Академия өз бастамасымен саланың аса маңызды мәселелерін жылдам шешуге бағытталған көшбасшылық ғылыми бағдарламаларды іске асыру бойынша салалық министрліктермен тікелей жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп биотехнологиялар негізінде жоғары өнімді өсімдік сорттарын шығару, Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен – энергетикада сирек жер металдарын өндіру және қолдану, Денсаулық сақтау министрлігімен биомедицинаны дамыту бағытында жобалар қолға алынды.
Олардың ішінде экономика үшін ең өзекті әрі маңыздысы – жасанды интеллект негізінде су ресурстарын кешенді басқару мәселесін шешу. Осы мақсатта Академия Қытай Ғылым академиясының академиктерімен, Чжэцзян технологиялық университетімен, Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен бірлесіп, қазақстандық DeepBas цифрлық геоақпараттық моделін құруға кірісті. Бұл жүйе ғарыштан, әуеден, жерден және судан алынатын деректерді біріктіріп, оларды жасанды интеллект арқылы талдау негізінде үш негізгі мәселе бойынша шынайы уақыт режімінде оңтайлы шешімдер ұсынады. Атап айтқанда, су ресурстарын бағалау, оларды болжау және кешенді басқару; төтенше жағдайлар кезінде жедел іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және құтқару жұмысын үйлестіру; сондай-ақ егістіктердің цифрлық егіздерін құру және «ақылды» ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған деректер базасын қалыптастыру. Бұл жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму, Су ресурстары және ирригация министрліктері тарапынан қолдау тапты. Келер жылдан бастап жоба аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен елдегі үш ірі су бассейні: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Шу-Талас бассейндері негізінде қанатқақты режімде мегажобаны іске асыру басталады. Осылайша, елімізде су ресурстарын басқарудың осы уақытқа дейін болмаған заманауи цифрлық моделі қалыптасады.
Сонымен қатар Академия қанатқақты жобаларды тікелей өңірлерде жүзеге асыруға көшті. Мәселен, Қостанай және Алматы облыстарында тұқым шаруашылығының цифрлық жүйесі қанатқақты режімде енгізіліп жатыр. Алматыда алғаш рет қаланың жасыл қорын дамытудың цифрлық платформасы құрылуда, оның нәтижесінде әрбір жасыл желектің өзіндік цифрлық паспорты болады. Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қостанай облыстарында отандық карбамид өндірісін ғылыми сүйемелдеу бойынша «KMGPetroChem» ЖШС-мен бірлескен жоба іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ Академия Қытаймен бірлескен Қазақстан-Қытай кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект орталығын, Ресей Ғылым академиясымен (РҒА) серіктестікте көміртекті егіншілік полигонын, Германияның тәжірибесін ескере отырып, Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық үйлестіру моделін әзірлеу, су ресурстарын басқару мен климаттың өзгеруі саласындағы ғылыми жобаларды іске асыруға бағытталған Қазақстан-Германия NEXUS институтын құрды.
Осы және басқа да жоғарыда аталған орталықтарды құруға шетелдік әріптестер тарапынан тартылатын инвестицияның болжамды көлемі 70 млрд теңге деңгейінде бағаланып отыр.
Академия жанынан ғылымның бізде кенжелеп қалған бағыттары бойынша жаңа ғылыми институттар мен орталықтар ұйымдастырылды. Мысалы, Назарбаев университетімен бірлесіп жаңа энергетикалық технологиялар мен материалдар бойынша INMET құзыреттілік орталығы; «Шымкент жүрек орталығы» КеАҚ базасында – жүрек-қан тамырлары ауруларының мониторингі бойынша Перспективалы кардиологиялық зерттеулер орталығы; М.Тынышбаев атындағы ALT университеті базасында еліміздің көлік жүйесін басқару және жетілдіру бойынша Көлік ғылымдары және технологиялар институты (ITST) құрылды. Сондай-ақ Ядролық физика институты базасында Ланьчжоу университетімен (ҚХР) бірлесіп Қазақстанда ядролық медицинаны дамытуға бағытталған Радиофармацевтика және тераностика пәнаралық ғылыми-клиникалық орталығын құру жоспарланып отыр.
Қазір жас ғалымдар мен оқушыларды қолдаудан бастап этикалық және редакциялық стандарттарды қалыптастыруға дейін ғылымда адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылып, талантты оқушыларды ғылымға тарту мақсатында кіші академия ұйымдастырылды. Ғылымды насихаттау және үздік тәжірибені ілгерілету мақсатында Академияның қолдауымен 13 ғылыми журнал шығарылады, екі жыл ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында ғылымды дамыту туралы 1 150-ден астам материал жарияланды, 76 ғылыми іс-шара, конференция, форум мен семинар өткізілді.
Осылайша, бүгінде Академия өзінің нақты істерімен аналитика орталығы ғана емес, сонымен қатар отандық ғылым жүйесін өзгертуге, ел алдында тұрған жаһандық міндеттерді шешу үшін ғылыми қоғамдастықты біріктіруге қабілетті құрылым бола алатындығын дәлелдеді.
Енді басталған реформаларды жалғастырып қана қоймай, жинақталған тәжірибе мен үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, оларды тереңдетуге қол жеткізуге тиіспіз. Ол үшін Академия қызметіндегі бірқатар жүйелі мәселелерді шешу керек.
Біріншіден, оның автономиясын заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету қажет, өйткені бұл – бүкіл әлемдегі академиялық қоғамдардың қызмет етуінің негізгі қағидаты. Өкінішке қарай, бүгінде Академия Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты өкілеттігі шектеулі және ведомстволық шешімдерге қатты тәуелді ұйымға айналды. Мысалы, Академияның жарғысы мен академиктерді сайлау тәртібі әлі күнге дейін Министрдің бұйрығымен бекітіледі.
Екіншіден, оны қаржыландыру мәселелерін шешу қажет. Себебі қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қызмет көрсету жөніндегі жыл сайынғы шарттар негізінде бір жылдық қысқамерзімді қаржыландыру Академияның алдында тұрған стратегиялық міндеттерді толық көлемде орындауына мүмкіндік бермейді. Сондықтан
3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге трансферт түріндегі тұрақты әрі ұзақмерзімді қаржыландыру қажет.
Осы мәселелердің шешілуі Академияның әлеуетін толық ашуға, оны ғылыми ой мен талдаудың шынайы орталығына, бәсекеге қабілетті, беделді әрі әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған академиялық құрылымға айналдыруға мүмкіндік беретініне, сондай-ақ оның ұсыныстары мен ұсынымдарын сұранысқа ие етіп, отандық ғылымды қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналдыруға жол ашатынына сенімдіміз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті