• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 13:12

Әсет Тұрысов: Біртұтас цифрлы жүйе – барлық мемлекеттік қызметті біріктіреді

Қазір елімізде мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрландырылуы тек қызметтерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Айталық, Қаржы министрлігі салық пен кедендік басқаруды, мемлекеттік сатып алу мен бюджеттік жоспарлауды, сондай-ақ аналитика мен бизнеске арналған сервистерді біріктіретін біртұтас цифрлы экожүйені жолға қойып келеді. Big Data, жасанды интеллект және деректердің түпкілікті интеграциясы – аталған жүйенің негізгі темірқазығы. Мемлекеттік қаржыны басқарудағы кейінгі өзгерістер, тауарлардың бірыңғай цифрлы тілі мен цифрлы трансформацияның келесі кезеңі туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтан сұрап білген едік.

– Әсет Нұрланұлы, бүгінде мемлекет чектер мен электронды шот-фактуралардан бастап кедендік декларациялар мен мемлекеттік сатып алуларға дейінгі деректердің үлкен массивіне ие болып отыр. Осы ретте цифрландыру қай кезеңнен бастап тек автоматтандыру ғана болып қалмай экономиканы басқарудың тиімді құралына айналады?

– Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Егер де бұған дейін цифрландыру негізінен қызметтер мен қажетті процестерді электронды форматқа ауыстырумен байланысты болса, бүгінде біз іс жүзінде мемлекеттік қаржыны басқарудың цифрлы моделін қалыптастырып жатырмыз. Қазір Smart Data Finance жүйесінде 74 көзден алынған деректер интеграцияланған. Бұл жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскелері, халықаралық мәмілелер, электронды шот-фактуралар, еңбек келісімшарттары, мобильді аударымдар және көптеген басқа да бағытқа қатысты ақпаратты қамтиды. Осы мәліметтердің негізінде салық төлеуші мен жеке және заңды тұлғаның толыққанды цифрлы құжаттамасы қалыптастырылады.

Мұндай деректер бір тізбекте жұмыс істей бастағанда, мемлекет қандай да бір оқиғаны болғаннан кейін тіркеп қана қоймай тәуекелдерді болжап, ауытқуларды көрумен қатар экономиканың шынайы жағдайы негізінде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Шындығына келгенде, біз data-driven басқару моделіне көшіп жатырмыз. Осыған сәйкес тиісті шешімдер бытыраңқы есептердің орнына мейлінше нақты уақытқа жақын режімде деректерді талдаудың негізінде қабылданады.

Технология күзетте: Орал полицейлері цифрлы жүйенің көмегімен күдіктіні ұстады

– Жасыратыны жоқ, бұрын бюджет көп жағдайда есептер мен қолмен жасалатын талдаудың нәтижесінде қалыптасатын. Қазір Қаржы министрлігі Баға деректер базасы мен медианалық талдау тетіктерін енгізіп жатқаны мәлім. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет болжамды жоспарлаудан бас тартып, нақты нарықтағы деректерге негізделген бюджет моделіне ауысып жатыр деп айта аламыз ба?

– Сөзіңіздің жаны бар. Осыған дейін бюджет өтінімдерін қалыптастыру кезінде тауарлар мен қызметтердің шынайы нарықтағы құнын әрдайым көрсете бермейтін коммерциялық ұсыныстар жиі қолданылған. Бұл бағаны негізсіз көтеріп, тиімсіз жоспарлау тәуекелдерін тудыратын.

Бүгінде Баға деректер базасы маркетплейстерден, мемлекеттік сатып алудан, фискалды чектерден, шот-фактуралардан және кедендік декларациялардан ақпаратты жинақтап, талдау жүргізеді. Атап айтсақ, жүйеде 500 миллионнан астам чек пен ондаған млн баға позициясына қатысты деректер жинақталған. Осы мәліметтер арқылы мемлекеттік жоспарлау жүйесінде қолданылатын медианалық бағалар қалыптасады. Мемлекеттік сатып алуды талдау қорытындысы бойынша медианалық бағаларды пайдалану кезінде жылына 200 млрд теңгеге дейін қаражат үнемделеді деп болжанып отыр. Бұл өте маңызды қадам. Яғни, мемлекет субъективті бағалаудан гөрі экономиканың нақты деректеріне сүйенеді.

– Тауарлардың ұлттық каталогы мемлекеттік сатып алумен, маркетплейстермен, кассалық жүйелермен және кеден қызметімен интеграцияланып жатқаны белгілі. Бұл ретте мемлекетке тауардың біртұтас цифрлы идентификаторын құру қаншалықты қажет болды?

– Біртұтас цифрлы тетікті жолға қоймай тауар айналымының ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз ету қиын. Бұған дейін түрлі жүйелерде дербес жіктеуіштер мен анықтамалықтар қолданылып келгені мәлім. Бір өнім мемлекеттік сатып алуларда, кеден саласында, ЭШФ-да немесе кассалық чектерде түрлі атаумен жүре беретін. Бұл мәліметтердің қайталануына әкеліп, дұрыс аналитиканы жүргізуді қиындатты.

Бүгінде ұлттық каталог тауарлар туралы деректердің бірізді эталонына айналып келеді. Каталогта қазірдің өзінде 24,6 миллионнан астам тауар позициясы бар. Тек 2026 жылдың басынан бастап жүйеден 2,6 млрд астам фискалды чек өтті. 511 миллионнан астам чектің NTIN коды бар.

ТҰК мемлекеттік сатып алу порталымен, ЭШФ жүйесімен, кедендік декларациялаумен, маркетплейстермен, сауда желілерімен және тауарды есепке алу жүйелерімен интеграцияланған. Іс жүзінде біз кез келген өнімді түпкілікті түрде цифрлы бақылауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды жолға қойып отырмыз.

Бұл қадағалаудан бөлек жасанды интеллектіні енгізіп, болжам жасау мен аналатиканы одан әрі нығайту үшін маңызды.

Ерқат Биғалиұлы: Экономиканы цифрландыру объективті қажеттілікке айналды

– Цифрландыру туралы әңгіме қозғалса, ашықтық туралы жиі айтыла бастайды. Десе де бизнес пен қарапайым халыққа мұның қандай пайдасы бар?

– Орынды сұрақ. Ең әуелі әкімшілік жүктеме мен қолмен жасалатын процедура азаяды. Мысалы, онлайн бюджеттік мониторинг тәуекелі жоғары төлемдерді шынайы уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Тек 2024-2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйе 307 млрд және 330 млрд теңгеге тәуекелді төлемдерді анықтады. Бұл ретте іс-әрекет амалдары 129 млрд теңге бойынша қабылданып, қаражаттың бір бөлігі бюджетке қайтарылғанын айта кетейік.

Тағы бір маңызды нәтиже – адам факторының тежелуі. Мәселен, қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі отандық өндірушінің мәртебесін растауды автоматтандырылған цифрлы форматқа ауыстырады.

Бүгінде жүйеде 32 мыңнан астам өтініш беріліп, 9 мыңнан астам ұйым авторизациялаудан өтті. Ал 44 мыңнан астам тауар тізімге енгізілді.

Қажетті процестер цифрландырылып, деректерге негізделген кезде мемлекет пен бизнестің өзара байланысты ашық және түсінікті бола бастайды.

– Мемлекеттік органның цифрлы бейіні бюджетті іс жүзінде «жанды аналитика» режіміне ауыстырып жатыр десек те болады. Осы орайда мемлекеттік аппараттың ішінде шешім қабылдау мәдениеті де өзгере ме?

– Әлбетте. Цифрландыру тек технологиялық үдеріс қана емес. Бұл тұтастай басқару логикасының өзгеруін білдіреді.

Бұрын жұмыстың едәуір бөлігі есеп беруді дайындаумен ғана шектелетін. Қазіргі міндет – жағдайдың серпінін байқау: бюджеттің орындалуы, ауытқулар, қаражаттың игерілмеу себептері, сатып алудың тиімділігі, қаржылық тәртіп. Міне осы тұрғыдан қарағанда, мемлекеттік органның цифрлы бейіні жұмыстың осындай форматына өтуге мүмкіндік береді. Сан алуан есептің орнына кез келген басшы бақылау тақталары, болжамды модельдер мен деректердің визуализациясы бар бірыңғай аналитикалық жүйеге ие болады.

Жеке бағыттардың бірі – бюджет кірістері мен макроэкономикалық көрсеткіштерді болжаудың ЖИ-модельдерін енгізу. Біз біртіндеп реактивті басқарудан превентивті басқаруға көшіп жатырмыз.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы: Астана болашақ құқығын зерттеу орталығына айналады

– Көптеген елде ЖИ технологияларын мемлекеттік басқару саласында қолдану жолдары талқыланып жатыр. Озық өнім адамға қарағанда қандай міндеттерді расымен де тиімді шеше алады?

– Жасанды зерде әсіресе үлкен мәліметтер массивін талдау, заңдылығы мен болжам жасау қажет болған жағдайда тиімді.

Бүгінде біз бюджеттің кірістері мен шығыстарын болжауда, баға динамикасын талдауда, ауытқуларды анықтауда, тәуекел модельдерін дамыту мен мемлекеттік қаржыны талдауда ЖИ қолданып келеміз.

Мысалы, ТҰК-те ЖИ технологиялары деректерді тазарту және құрылымдау, көшірмелерді жою және тауарлардың үлгілі карталарын қалыптастыру үшін қолданылады. Алдағы уақытта ол цифрлы верификациялау, құжаттарды талдау және интеллектуалды сервистерді дамыту үшін қолданылатын болады.

Бірақ мына нәрсені жіті түсінген абзал, ЖИ адамды түбегейлі алмастыра алмайды. Озық шешім ақпаратты тез және дәл талдауға көмектеседі. Түпкілікті шешімді қабылдауға мамандар жауапты болады.

– Ведомство ондаған жүйе мен түрлі көздерден алынған деректерді біріктіруді қолға алғанын білеміз. Мәліметтердің сапасы мен салыстырмалығын реттеу қаншалықты қиын болды?

– Бұл цифрлы трансформацияны іске асыру кезіндегі ең күрделі міндеттердің бірі. Жүйені тек құру ғана жеткіліксіз. Оның ішіндегі деректердің сапасын қамтамасыз ету қажет. Сондықтан да жүйелерді дамытумен қатар деректерді тазарту, біріздендіріп, қалыпқа келтіру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, ТҰК-та 8 млн-ға жуық бос және ақпаратсыз тауар картасы өшіріліп, эталонды картаны жолға қою мен көшірмелерді жою тетігі енгізіліп келеді.

Сапалы мәліметтер – бүкіл цифрлы экожүйенің негізгі іргетасы. Онсыз аналитика мен жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес.

– Жоғарыда мемлекеттің біртіндеп реактивті модельден проактивті модельге ауысып жатқанын айттыңыз. Бұл орайда Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетін – бизнестің цифрлы көмекшісі деп айтуға негіз бар ма?

– Дәл солай. Біз кәсіпкердің тек қызметтер жиынтығымен шектелмей бизнесті жүргізудің толыққанды цифрлы ортасына ие болғанын қалаймыз.

КБЖК Қаржы министрлігінің негізгі жүйелерін бір нүктеге интеграциялайды: Салықтың әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі, ЭШФ, «Кеден» АЖ, мемлекеттік сатып алу порталы, Qoldau АЖ және басқа да платформалар. Қазірдің өзінде жүйеде 21 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Келесі кезеңде интеллектуалды анықтамаларды, ЖИ-көмекшісін және жеке аналитиканы дамыту көзделіп отыр. Жүйе кәсіпкерге қаржылық тәуекелдерді көріп, салық міндеттемелерін түсінуге, қажетті ұсыныстар беру мен тез шешім қабылдауға көмектесуі керек. Мемлекет біртіндеп «қызмет көрсету» моделінен бизнесті цифрлы сүйемелдеу моделіне көшіп жатыр.

– Таяу жылдарды бағамдасақ, мемлекеттік қаржы саласындағы цифрлы трансформацияның бетбұрысы қандай болады?

– Келесі кезең – мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды интеллектуалды экожүйесін қалыптастыруға қатысты болады.

Біз таяу келешекте предективті аналитиканы, цифрлы теңгені, болжам жасаудың ЖИ-модельдерін дамытуда, жүйелер арасындағы интеграцияларды кеңейту мен проактивті мемлекет тетігін одан әрі нығайтуда перспективаның бар екенін байқап отырмыз.

Түптеп келгенде, цифрландыру практикалық нәтиже беруі керек. Бұдан мемлекетке тиетін пайда – шығындардың ашықтығы мен тиімділіктің артуы. Бизнес үшін әкімшілік жүктеме азайып, өзара әрекеттесу жайлы болады. Ал халыққа неғұрлым сапалы және түсінікті сервистер қолжетімді болады.

Міне біз осыған сай келетін цифрлы мемлекеттік қаржы жүйесін бүгінде бірізді түрде дамытып жатырмыз.

«Не боламыз, не бордай тозамыз»: Тоқаев цифрландыруға салғырт қарауға болмайтынын ескертті

Соңғы жаңалықтар