Сарысу ауданында «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның күкірт қышқылын өндіретін зауытын іске қосу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы жаңа өндіріс орны – «ЕвроХим» компаниясының заманауи химия кешенін салуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобасының бір бөлігі. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазіргі кезеңдегі ең маңызды міндеттердің бірі – елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, экономикалық дербестікті нығайту екенін айтқан болатын. Сондықтан өңдеуші секторды жедел дамытуға айрықша мән беру қажет. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы – инвестицияның, заманауи технологиялардың және өңірдің өндірістік әлеуетінің нақты нәтижеге ұласқанын көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Жамбыл облысына тартылған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 277,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Қазір өңірде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан.
Биыл жалпы құны 471 миллиард теңге болатын 47 жобаны жүзеге асырып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінде жалпы құны 144,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімінің айтуынша, химия өнеркәсібі Жамбыл өңірі үшін стратегиялық маңызға ие. Республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы облыс аумағында орналасқан.
Қазіргі таңда өңірдің химия саласында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі бағыттар қатарында фосфорлы шикізат өндіру, минералды тыңайтқыштар шығару және өзге де химиялық өнімдер өндіру бар. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстың химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 150,6 миллиард теңгені құрап, өсім 16,5 пайыз болған.
«ЕвроХим-Қаратау» компаниясының ірі жобасы бірнеше кезең бойынша жүзеге асуда. Алғашқы кезең 2016 жылы іске асырылып, фосфорит шикізатын өндіру және өңдеумен айналысатын тау-кен байыту кешені пайдалануға берілген. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 126 миллион АҚШ долларын құрады.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында кәсіпорын 8 миллиард теңгенің 344,9 мың тонна өнімін өндірген.
Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын өндіріс кешені салынуда. Биыл мамыр айында оның алғашқы нысаны – күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталды. Ал негізгі химия өндірісін іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігінің бірі – заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологиялардың қолданылуы. Жаңа өндірістің жанама өнімі ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынбақ. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.
Құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін кемінде 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде «ЕвроХим» кәсіпорындарында мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұдан бөлек, сервистік және аутсорсингтік ұйымдарда тағы 300-ге жуық жұмыс орны құрылған.