Гондураста болған екі қарулы шабуыл салдарынан 25 адам, оның ішінде 6 полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәліметке сәйкес, алғашқы оқиға елдің солтүстігіндегі Трухильо муниципалитетіндегі плантацияда болған. Белгісіз қарулы адамдар жұмысшыларға оқ жаудырып, кемінде 19 адам көз жұмды. Құрбандардың нақты саны әзірге анықталған жоқ, себебі туыстары мәйіттердің бір бөлігін оқиға орнынан алып кеткен.
Екінші шабуыл Гватемала шекарасына жақын орналасқан Кортес департаментінің Омоа муниципалитетінде болған. Қарулы топтар Тегусигальпадан бандалық құрылымдарға қарсы операцияға қатысу үшін келе жатқан полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Соның салдарынан 6 полицей, оның ішінде жоғары лауазымды офицер қаза тапты.
Гондурас Қауіпсіздік министрлігі шабуыл жасалған аймақтарға полиция мен қарулы күштердің бөлімшелері жіберілгенін мәлімдеді.
Оқиғаларды тергеу үшін криминалистер мен прокурорлардың қатысуымен арнайы тергеу топтары құрылды.
Айта кетейік, Қытайдың оңтүстігі мен орталық бөлігінде нөсер жаңбыр салдарынан болған жойқын су тасқыны салдарынан 18 адам қаза тапты.