Алматы полициясы әл-Фараби даңғылындағы резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеуді аяқтады. Енді іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Олег Чернов алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтетінін мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу толық аяқталған. Ол Алматы қалалық полиция департаменті қызметкерлеріне істі жедел әрі объективті тергегені үшін алғыс білдірді.
Бұған дейін қорғаушы айыпталушы тараптың қаза тапқан Еламанның туыстарымен татуласуға әрекет жасағанын айтқан. Алайда марқұмның отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан.
Әл-Фараби даңғылындағы оқиғадан кейін Алматыда жол қауіпсіздігі күшейтілді
Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі және көліктегі 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапты. Ресми емес мәліметтер бойынша, Zeekr көлігі тағы бір автокөлікпен жарысқан болуы мүмкін.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында Zeekr жүргізушісінің жол апаты кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны анықталған. 7 сәуірде ол тергеу изоляторына жеткізілген.