Енді ел азаматтары Еуропаға бару үшін арнайы автоматтандырылған EES (EntryExit System) кіру-шығу жүйесінен өтуге міндеттеледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа жүйе 10 сәуірден бастап Шенген аймағына кіретін 29 елде жұмыс істей бастады. Министрлік өкілінің сөзінше, паспорттарға мөр басу рәсімін алмастырады.
«Шенген аймағы елдерінің біріне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарынан жол жүру құжаттарының деректері, биометриялық мәліметтері, сондай-ақ кіру және шығу уақыты міндетті түрде тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардың саусақ іздері алынбайды», деді Ерлан Жетібаев.
Сондай-ақ ол қандай жағдайда елге кіруге тыйым салу жағдайлары да тіркелетіндігін атап өтті.
«Кейінгі сапарлар кезінде шекарадан өту рәсімі жеңілдетіліп, тұлғаны бет-бейнесі арқылы растау мүмкіндігі қарастырылған. Биометриялық деректерді ұсынудан бас тартқан жағдайда Шенген аймағына кіруге тыйым салынуы мүмкін», деді Е.Жетібаев.
Рәсімдерді жеңілдету мақсатында Еуроодақ арнайы мобильді қосымша әзірлеген. Ол арқылы сапарға дейін 72 сағаттан ерте емес мерзімде паспорт деректерін және бет-әлпет фотосуретін жүктеуге болады.
Шекарадағы кезек азаяды: Өткізу бекеттерінде 200 орындық автотұрақтар салынады
Еске сала кетейік, бұған дейін ЖИ арқылы Қазақстан шекарасынан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарағанын жазған едік.