АҚШ Сенаты қазақ қызы Асель Робертстің кандидатурасын Словениядағы АҚШ елшісі қызметіне бекітті. Оны дипломатиялық лауазымға биыл ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған болатын. Наурыз айында Робертс Сенаттың профильдік комитетіндегі тыңдаудан өтіп, кейін кандидатурасы жалпы дауыс беруге шығарылды. Дауыс беру нәтижесінде 46 сенатор қолдап, 43-і қарсы дауыс берген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі өзінің ресми парақшасында Асель Робертсті жаңа қызметімен құттықтап, оның АҚШ тарихындағы елші қызметіне тағайындалған алғашқы этникалық қазақ екенін атап өтті.
Асель Робертстің балалық шағы Алматы қаласында өткен. Кейін АҚШ-қа қоныс аударған. Ол Georgetown University университетін тәмамдаған. Студент кезінде Ақ үйде тағылымдамадан өтіп, кейін америкалық мемлекеттік қызмет жүйесінде мансабын бастаған.
Робертс шамамен 20 жыл бойы мемлекеттік басқару саласында еңбек етіп, АҚШ-тың бірнеше құрлықтағы дипломатиялық миссияларымен өзара іс-қимылды үйлестірген. Сондай-ақ түрлі мемлекеттің өкілдерімен келіссөз жүргізген.
Ол бірнеше АҚШ президенті әкімшілігінде жұмыс істеді. Еңбек жолын Барак Обаманың тұсында бастап, кейін Джо Байден әкімшілігі кезінде де қызметін жалғастырған.
Асель Робертс қазақ, ағылшын, орыс және жапон тілдерін еркін меңгерген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан азаматы Лондонның беделді ауданына мэр болып сайланғанын жазған едік.