Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның ешқандай күшке бас имейтінін мәлімдеді. Ол елді зымыран, бомба немесе әскери ұшақтар арқылы бағындыру мүмкін емес екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз берілмейміз», деді Иран президенті.
Сонымен бірге ол Иранның келіссөздерді абыроймен жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Біздің құқығымыз, уәжіміз сондай-ақ дәлелдеріміз бар. Біз еліміздің құқықтарын табанды түрде қорғай аламыз және халқымыздың қолдауымен оны қорғауды жалғастырамыз», деді Масуд Пезешкиан.
Бұған дейін АҚШ пен Иран келіссөзді қайта бастау үшін жаңа талаптарын ұсынған болатын. Тегеран соғысты тоқтатуды, санкцияларды алып тастап, активтерді бұғаттан шығаруды, келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуді және Ормұз бұғазындағы Иран үстемдігін мойындауды талап еткен.
Ал Вашингтон Ираннан АҚШ-қа қатысты өтемақы талаптарынан толық бас тартуды сұраған. Сонымен қатар америкалық тарап шамамен 400 келі байытылған уранды АҚШ-қа беруді және елдегі ядролық нысандардың тек бір кешенінің ғана жұмыс істеуін талап етіп отыр.
Екі ел арасындағы уақытша бітімге қарамастан, мамырда тараптар қайтадан өзара соққы жасап, келіссөздердің қайта жандану мүмкіндігін шиеленістіріп жіберген еді.