Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы ұйымды әскери альянс ретінде сипаттауға қатысты пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент ұйымның басты мақсаты – түркі әлемінің бірлігін нығайту және сауда-экономикалық, цифрлық, технологиялық әрі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту екендігіне баса мән берді.
«Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық екендігіне тоқталды.
«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек», деді Мемлекет басшысы.
Президент: Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды
Бұдан бөлек, саммит отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажеттігін айтты.