Бұрынғы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, іс «сталкинг» бабы бойынша тергелген. Алайда кейін қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
«Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс сталкинг фактісі бойынша тергелді. Қазіргі таңда іс тоқтатылды. Дегенмен сотта жеке айыптау тәртібімен берілген материалдар қаралып жатыр. Оған қатысты пікір білдіруге құқығым жоқ», деді Санжар Әділов.
Сот кабинетіндегі мәліметке сәйкес, экс-комитет төрағасына қатысты жеке айыптау ісін Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот қарап жатыр.
Данияр Мейірхан биыл 8 сәуірде ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы қызметінен шеттетілген еді. Ол бұл лауазымға 2025 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Кейін, 24 сәуірде Ішкі істер министрлігі Мейрханға қатысты шағым бойынша тексеру әлі аяқталмағанын хабарлады. Ведомство басшылығына арызбен оның әріптестері жүгінген.
Данияр Мейірхан ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет еткен. Оның есімі бұған дейін де бірнеше даулы оқиғамен байланысты аталған.
2019 жылы ол Түркістан қалалық полиция басқармасы басшысы қызметінен шеттетіліп, кейін Түлкібас аудандық полиция бөлімін басқарған. Ал 2022 жылдың көктемінде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған. Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан істі жапқан.
2023 жылдың қыркүйегінде Данияр Мейірхан Шымкент қаласы патрульдік полиция полкінің командирі қызметінен босатылған еді. Сол кезде ол департамент жұмысын тексеруді талап етіп, жүйелі жемқорлық белгілері туралы бірнеше рет басшылыққа хабарлағанын мәлімдеген болатын.
Еске салайық, Белгілі заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан қамауға алынды. Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханның ісіне қатысты пікір білдірді.