Орал қаласында ер адамнан ақша бопсалады деген күдікпен 31 жастағы әйел ұсталды. Ол жәбірленушінің жеке мәліметтері мен жеке фотосуреттерін жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті ер адамнан 500 мың теңге талап еткен. Егер айтқанын орындамаса, оның жеке өміріне қатысты ақпаратты таратып, жеке суреттерін жариялайтынын айтқан. Алайда әйел өз жоспарын соңына дейін жүзеге асыра алмаған. Оқиға туралы полицияға хабар түсіп, жедел әрекет барысында күдікті қолға түскен.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің аға инспекторы Алима Гарифуллинаның айтуынша, жедел-іздестіру шаралары кезінде ақша қаражаты мен заңсыз әрекетке дәлел болатын ұялы телефон тәркіленген.
«Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», деді ол.
Күдіктіге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, заң бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Ақтауда блогерлердің жеке өміріне қатысты материалдарды таратқан күдікті ұсталғанын жазған едік.