Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Түркия-Қазақстан ынтымақтастығының 34 жылдығына орай арнайы әзірленген кітапты сыйға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Анадолы агенттігінің жазуынша, «Тәуелсіздіктің 35 жылдығында Түркия-Қазақстан қатынастары» атты кітап Түркияның Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлудың редакторлығымен дайындалған және оған 10 академик пен автордың ғылыми-талдамалық материалдары топтастырылған.
Кітаптың алғы сөзін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі жазып, мемлекеттік сапары барысында Астанада әріптесі – Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тарту етті.
Жинақ-кітаптың кіріспесіне Президент Ердоған: «Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар алдағы кезеңде одан әрі нығайып, тереңдей түсетініне сеніміміз мол. Осындай еңбектер өзара түсіністікті күшейтіп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ортақ тарих пен болашаққа деген көзқарасты нығайтатын маңызды міндет атқаратыны сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы көпжақты ынтымақтастық тетіктері арқылы екіжақты өлшемнен асып түсті. Қадірлі бауырым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі көреген көшбасшылығының арқасында бұл қатынастар өзара күш-жігеріміздің нәтижесінде жаңа серпінге ие болды. Еңбекті дайындауға үлес қосқан AK Parti Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасына және өз саласының майталмандары саналатын – қадірлі ғалымдарымызға алғыс білдіремін. Бұл еңбектің Түркия мен Қазақстан арасындағы достық пен бауырластықты одан әрі нығайтуға септігін тигізуіне тілектеспін», деп жазды.
Күршад Зорлу журналистерге берген сұхбатында AK Parti Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасы маңызды еңбекке бастамашы болғанын атап өтті.
«Біз бұл еңбекті Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арнайы дайындадық. Кітаптың түрік және қазақ тілдерінде жарық көруі әрі елдерімізге қажет ең терең тақырыптарды қамтуы өте маңызды. Кітаптың артқы мұқабасына екі президенттің «Орта дәліз» туралы сөздерін арнайы орналастырдық. Мұның өзі Түркия-Қазақстан қатынастарының Еуразия экономикасы үшін маңызын айқын көрсетеді», деді ол.
Еске сала кетейік, 13 мамырда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Оны әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Режеп Тайип Ердоғанмен бірге түскен фотосын жариялады.