Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді білім беру саласының басым бағыты ретінде айқындайтын Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім – Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекет ретінде дамытуға және жасанды интеллект саласында жоғары құзыретті, бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыруға бағытталған стратегиялық саясаттың жалғасы, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамытудың негізгі тетігі ретінде инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне кеңінен енгізу жөніндегі Кешенді жоспарды бекітеді. Аталған жоспар білім беруді дараландыру тетіктерін құруды, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, педагог кадрларды даярлауды және білім алушылардың дербес деректерін қорғауды қамтиды.
Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын жұмыс барысында қолдану қарастырылған.
Жасанды интеллект оқу процесіне нақты енгізілетін тиімді құрал ретінде шалғай өңірлердегі оқушыларға ірі қалалармен бірдей білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Президенттің төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өткен еді.
Медицина саласында да жасанды интеллект қолдану туралы жаңа нормативтік құжат әзірленді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды