• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:18

Ана мәртебесі: Тәрбие бесігінен кәсіпкерлік шыңына дейін

40 рет
көрсетілді

Бүгін елімізде Аналар күні атап өтіліп жатыр. Мамыр айының екінші жексенбісінде тойланатын бұл мереке – ананың қоғамдағы айрықша мәртебесін паш етіп, оның отбасы мен мемлекет болашағындағы шешуші рөлін айшықтайтын күн. Қазіргі қазақстандық ана бейнесі тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ол – әлеуметтік белсенді, кәсіби тұрғыда қалыптасқан және ел экономикасына серпін беріп отырған тұлға.

Қазақстанның әлеуметтік саясатында ана мен баланы қорғау мәселесі әрқашан басым бағыт болып қала береді. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» атқарып отырған жұмысы ауқымды. Бүгінде еліміз бойынша бұл кеңестің 1 713 бөлімшесі жұмыс істейді: оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1 481 ауылдық деңгейдегі бөлімдер бар. Кеңес құрамындағы 16 051 белсенді әйел отбасы институтын нығайту, жастар тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Айта кетейік, бұл мереке тек бізде ғана емес, АҚШ, Канада, Германия, Түркия және Жапония сияқты әлемнің 20-дан астам елінде қатар тойланады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, бала дамуындағы ең маңызды кезең – ерте балалық шақ. Сондықтан ананың рөлі баланың психологиялық орнықтылығы мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегінше, әйелдер ерлерге қарағанда бала тәрбиесіне көбірек уақыт бөледі: бұл көрсеткіш әйелдерде – 44,5%, ерлерде – 25,6%-ды құрайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері елімізде ана болу жасының кейінге шегеріліп жатқанын көрсетеді. 2000-2025 жылдар аралығында ана болудың орташа жасы 26-дан 29 жасқа дейін өсті. 2025 жылғы көрсеткіш бойынша, әйелдер алғашқы сәбиін орташа есеппен 25,3 жасында дүниеге әкеледі. Сонымен қатар елімізде туудың жалпы коэффициенті 2020 жылғы 22,75-тен 2025 жылы 16,43-ке (1000 адамға шаққанда) төмендегені байқалады. Дегенмен, сапалы медициналық қызметтің арқасында соңғы бес жылда ана өлімі 35%-ға азайды, сондай-ақ неонаталдық және перинаталдық өлім-жітім көрсеткіштері де төмендеген.

Аида Балаева: Қазақ дүниетанымында ана бейнесі қашанда айрықша қастерленген

Әйелдерге түсетін жүктеме және кәсіби кедергілер

Гендерлік саясат бойынша жүргізілген зерттеулер әйелдердің мойнындағы тұрмыстық жүктеменің әлі де жоғары екенін растайды. Әйелдердің 95%-ы үй шаруасына күнделікті 1-ден 6 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Бір баласы бар отбасыларда баламен серуендеу немесе сабақ қарау міндеттері 50,7% жағдайда бірлесіп атқарылса, 37,1% жағдайда бұл жұмыс тек ананың иығына жүктеледі. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларда әйелге түсетін салмақ 49,6%-ға жетеді. Бұл жағдай аналардың мансаптық өсуіне де әсер етпей қоймайды. Әйелдердің 27,3%-ы балалы болған соң кәсіби дамуда кедергілер барын айтса, 27%-ы бала күтімі мен жұмысты қатар алып жүре алмағандықтан қызметінен мүлдем кетуге мәжбүр болған.

Қазіргі таңда батыр аналар тек шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, ел экономикасына серпін беріп отырған кәсіпкерлер. Қазақстанда 1 миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарып отыр, бұл – жалпы кәсіпкерлер санының жартысына жуығы.

Мәселен, астаналық Жанагүл Айдаубайқызы 7 бала тәрбиелеп отырып, ұлттық киімдер мен әшекейлер тігетін жеке шеберханасын ашқан. Заңгер әрі мұғалім мамандығын меңгерген ол декрет демалысында бастаған ісін бүгінде табысты кәсіпке айналдырды. Осындай табандылықты қостанайлық Құралай Байменова да көрсетіп отыр. 10 баланың анасы мемлекеттен 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, өз тігін цехын ашқан. Бүгінде оның өнімдеріне облыс көлемінде сұраныс жоғары.

Өткен жылы 338 мың ана бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы алды, бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге жұмсалды. 850 мың көпбалалы анаға 600 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Бұл – көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы аналар үшін өз ісін ашуға үлкен мүмкіндік.

Соңғы жаңалықтар