Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде атап өтілетін Аналар күніне орай барша аналарға ақжарма тілегін арнады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр мамыр айының екінші жексенбісінде тойланатын бұл мерекенің мән-мағынасына тоқталып, ананы мейірім мен ізгіліктің шуағы, отбасы берекесінің алтын діңгегі деп атады.
«Ана – әр адам үшін ең қымбат ұғым. Мейірімнің бастауы, ізгіліктің шуағы, отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі.
Қазақ дүниетанымында ана бейнесі қашанда айрықша қастерленген. Ананың ақылы мен өнегесі, сабыры мен мейірімі арқылы ұрпақтан ұрпаққа құрмет, ізет, жанашырлық, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар жалғасып келеді. Бұл құндылықтар – халқымыздың рухани тұтастығы мен елдігіміздің берік негізі», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан ана мен баланы қолдау шараларына да тоқталды. Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі жүріп жатқанын, Отбасын қолдау орталықтары мен Аналар кеңесінің жұмысы нәтижелі екенін тілге тиек етті.
«Осы айтулы күні барша аналарға даналығы, төзімі, мейірімі мен ақ ниеті үшін шын жүректен алғыс айтамын. Аналарымыз аман, шаңырақтарымыз шаттыққа толы болсын!
Анамызбен бірге өткізген әрбір сәттің қадірін терең сезіндіретін мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Отбасыларыңызға жылулық, махаббат, береке-бірлік пен амандық тілеймін!», деді Аида Балаева.