Мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, жер пайдаланушыларға топырақты сақтауға бағытталған жаңа талаптар енгізуді ұсынды. Талаптарды орындамаған фермерлер мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, жер пайдаланушылар су, тұз, қоректік және жылу режимдерін реттеу, артық суды бұру, ылғал деңгейін сақтау шараларын жүргізуге міндеттеледі. Сонымен қатар, қар тоқтату, топырақты өңдеу әдістерін қолдану және топыраққа зияны аз техниканы пайдалану талап етіледі.
«Топырақ сапасының төмендеуі жер пайдаланушылар үшін жауапкершілік шараларына әкеледі. Қазір кейбір жағдайларды қоспағанда, фермерлер топырақ құнарлылығының нашарлағаны үшін жауап бермейді», деді депутат Нұржан Әшімбетов.
Көктемгі егіс науқаны: Биыл қанша фермер жеңілдетілген несие алды?
Депутаттың айтуынша, Қазақстан аумағының 75 пайыздан астамы әртүрлі деңгейдегі деградацияға ұшыраған. Бұл мәселе тек экологиялық емес, елдің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
Енді фермерлер топырақ жағдайына тұрақты түрде агрохимиялық талдау жүргізіп, оның нәтижелерін бірыңғай деректер базасына енгізуі тиіс.
Маңғыстауда жаппай мал қырылып жатыр: фермерлер өтемақы талап етті
Заң жобасында жер учаскелеріне цифрлық паспорт енгізу де қарастырылған. Онда жердің шекарасы мен көлемінен бөлек, топырақ сапасы туралы мәліметтер – бонитет балы, гумус мөлшері, азот, фосфор, калий деңгейі, тұздану дәрежесі, қышқылдығы және механикалық құрамы көрсетіледі.
Нұрболат АМАНБЕК