Алматы облысында соғыс ардагерлерінің есімін мәңгілікке қалдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде көшелерге батырлардың атын беру, тарихи әділдікті қалпына келтіру ісі жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Алматы облысы әкімдігі мәліметінше, өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай республика бойынша 500-ден астам көшеге ардагерлердің есімін беру бекітілген. Соның ішінде 154 ұсыныс Алматы облысынан түсіп, өңірлер арасында көш бастап тұр. Қазіргі таңда 73 ардагердің есімі елді мекендердегі көшелерге берілген, ал қалған 81 есім алдағы облыстық ономастикалық комиссия отырысында қаралады.
Өткен жылы облыста 678 көшеге атау беру және қайта атау жұмыстары жүргізілген. Оның 578-і ономастикалық комиссияда талқыланып, қалған 100 көше атауы 29 сәуірдегі отырыста шешімін табады. Ал 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, өңірде 669 көшені қайта атау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Қостанайда 100 жастағы қарт майдангер дауыс берді
Ардагерлердің есімін ұлықтау алдағы уақытта да маңызды бағыттың бірі болып қала бермек. Мәселен, Жеңістің 85 жылдығына орай 116 ардагердің есімін дәріптеу жоспарланған. Сонымен қатар облыс аумағында соғыс ардагерлеріне арналған 154 мемориалдық тақта орнатылған.
Ономастика саласындағы маңызды өзгерістердің бірі – енді жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімін беру немесе атауын өзгерту үшін облыстық ономастикалық комиссияның міндетті келісімі қажет. Бұл талап «Тіл туралы» Заң аясындағы өзгерістерге сәйкес енгізілді. Осыған байланысты облыстық тіл басқармасы тиісті құрылымдармен бірлесіп, жаңа заң талаптарын іске асыру жұмыстарын бастап кетті.
Қарағандылық майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хаты табысталды