• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 19:12

Құқықтық тәртіпті нығайту: Бас прокурор ЕҚЫҰ Бас хатшысымен кездесті

30 рет
көрсетілді

Бүгін Бас прокурор Берік Асылов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлумен кездесу өткізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Кездесу барысында тараптар өзара әріптестікті 2010 жылғы Астана декларациясында бекітілген қағидаттар негізінде нығайтудың маңызын атап өтті. Бас Прокурор қадағалау органының негізгі қызмет бағыттарына тоқталып, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, қадағалау қызметін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күреске ерекше назар аударылды. Бұл ретте халықаралық деңгейде есірткі бизнесінің қаржы ағындарын анықтау, бақылау және бұғаттауға арналған мемлекетаралық цифрлық платформа құру бастамасы таныстырылды.

Кездесуде прокуратура органдары мен ЕҚЫҰ арасындағы мемлекетке заңсыз шығарылған активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимыл да сөз болды. Халықаралық ұйымның Қазақстанға осы бағытта көрсетіп отырған қолдауы жоғары бағаланды.

Тараптар құқық қорғау органдары академиясы алаңында ЕҚЫҰ қатысуымен жүзеге асырылып жатқан кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстарының нәтижелерін талқылады. Атап айтқанда, оқу орнының сараптамалық және әдістемелік базасын жаңғырту мен дамыту мәселесіне назар аударылды.

Берік АСЫЛОВ, Бас прокурор: Азаматтардың құқығын қорғау – басты назарда

Мәліметке сәйкес, 2025 жылы ЕҚЫҰ-мен бірлесіп 13 ғылыми-білім беру іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл жиындарда киберқылмыс пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, адам саудасының алдын алу, сыбайлас жемқорлықпен күрес, қаржы жылыстатуға қарсы тетіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам және БАҚ арасындағы өзара байланыс мәселелері қамтылды.

Осы жұмыстар аясында 400-ден астам қызметкердің кәсіби біліктілігі артты. Олардың қатарында прокуратура, полиция және экономикалық тергеп-тексеру қызметінің өкілдері бар.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады – ЕҚЫҰ-мен бірлесіп тағы 12 білім беру іс-шарасын өткізу жоспарланған. Олар трансұлттық қылмысқа қарсы күресті күшейтуге және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге арналмақ.

Кездесу соңында Феридун Синирлиоғлу Қазақстан прокуратурасының заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Берік Асылов, Бас прокурор: Бұл құжат жаңа дәуірдің іргетасына айналады

Соңғы жаңалықтар