Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан Бостандық ауданындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде топырақ көшкіні жүріп, тұрғын үйдің шатыры зақымдалды, деп жазады Egemen.kz.
Мегаполистің Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Бостандық ауданындағы «Ремизовка» бау-бақша серіктестігінде болған. Құтқарушыларға шақырту 16 сәуір күні кешкі уақытта түскен.
Оқиға орнына барған мамандар мол жауын-шашын салдарынан топырақтың шамадан тыс ылғалданып, соның нәтижесінде көлемі 300 м² болатын топырақ массасының ішінара жылжығанын анықтаған. Салдарынан үйдің шатыры зақымданған.
Төтенше жағдай орнына 40 қызметкер жұмылдырылды. Құтқарушылардың айтуынша, зардап шеккендер тіркелмеген.
Қалада жаңбыр екінші тәулік қатарынан жауып тұр. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті. Әсіресе тауға баруды уақытша кейінге қалдыруға шақырады.
Жаңбыр, дауыл, тұман: Елімізде ауа райы күрт құбылады
Көшкіннің алдын алу үшін құтқарушылар мынадай ұсыныстар айтты:
– герметикалық емес септиктерді, шұңқырларды және дәретханаларды пайдаланбау;– жеке үй иелері мен бау-бақша серіктестіктерінің басшыларына суару құбырларын, кәріз және дренаж жүйелерін тұрақты бақылауда ұстау;– учаскелерде судың жиналуына жол бермей, жаңбыр және еріген қар суларын уақтылы бұруды қамтамасыз ету.
Мамандардың айтуынша, жауын-шашын кезінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануы көшкін қаупін арттырады, сондықтан әр тұрғын сақтық шараларын назардан шығармауы тиіс.
Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады