• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 08:55

Шашубайдың тамы

30 рет
көрсетілді

Өмірде кез келген дүниенің шеті мен шегі барын білеміз. Сол шекарамен өмір сүреміз. Тек адамның ой-қиялы ғана шексіз, шетсіз ғаламға ұшады. Адам аяғы баспаған нүктеге, қолы тимеген ғажайыпқа ең алдымен ойы жетеді. Тынымбай Нұрмағанбетовтің Шашубайы да («Шашубай» әңгімесінен), міне, отбасы, ошақ қасында қолтығына жастығын қысқан күйі жаз шықса, там саламын деп армандап отыр. Өзі темір пештің жанында жантая жатса да ойша іргетасы да құйылып, кірпіші де қаланып, шатыры да еш әуресіз жабылып жатыр.

Иә, пошташы Шашубай жаңа тамын он жылдан бері тек ойша салып келеді. Оның бұл дәстүрлі талпынысы жылына бір – қара күзде төбеден су өтіп, айнала ағал-жағал тартқанда басталады. Әдепкі әдетіне үйдегілер де селт етпейді. Шашубайдың асықпайтыны сол, кешкі шайды сораптай ішіп, бір жағы бәйбішесімен ақылдасқандай кейіп танытып, есептеп қараса, бәрі дайын, бәрі оңай. Қиялында бәрі түгенделіп тұр.

«...Қазық, фондамент... дейді, төрт жерден қазық қақсаң, тамның орны болады. Немене... Соны мен әлдеғандай ғып бір жыл бұрын қағып қоюым керек пе екен?.. Фондамент дейді... Фондамент дегенің бес мәшине тас пен бес қап цемент. Ал енді осы да уайым болып па?» дейді өзі. Тіпті он бес мың кесекті де мәселе қылмай отыр.

«Мен кесегіңнен тіпті қо­рықпадым. Он бес мың кесек дегеніңді бір ашулансам, талтайып тұрып өзім-ақ құйып тастаймын», дейді әйеліне. Иә, Шашубай осы жатысында тек бір нәрсені уайым қылды. Сыр мен есік-терезе дегеннің қат кезі ғой. Ойлай-ойлай, керектіні іздеп, сайға да шапты, қырға да шапты. Қарап жатып күйіп-піседі. Сөйтіп, өзі біраз ісін тындырды. Әрине, ойша. Қиялында соғылып жатқан үйдің іші сыланып, әктеліп болған соң шатырын «іздеп» шыр-пыр болады.

«Осылай қыс бойы созылып келетін ұзын-сонар әңгіменің жаз шыға су сепкендей басылып қалатын әдеті тағы бар».

Тәтті қиялымен жылда там соғып бастап жататын Шашубай шын іске қалай бекінді? Не әсер етті? Осы тұста қазақты орнынан тұрғызатын, әрине, ең алдымен намыс.

Иә, қонаққа келген жақын ағайыны Тәукеннің сөзі сүйектен өткені рас. Шашубайдың осы рудан жайлауға шыққанда он екі қанат ақ үй тігетін жалғыз Алашыбайдың немересі екенін, сол үйлерге ойдан-қырдан келе­тін игі жақсылар қарындары кебежедей болып, ырс-гүрс етіп кіріп жататынын қадап айтады.

«Әркімнің кәзитін тасып жүрмін демесең, сенің де Шашу­бай атыңды бұл маңай түгел біледі».

Ата абыройынан соң қатты сасқан Шашубай сол жылы ерте көктемнен-ақ там салуға кірісті. Қарқыны сұмдық қатты еді. Алашыбай атасынан асып түсуге ұмтылды ма, кім білсін, ақшаның бетіне қарамаймын деді. Алашекеңнің немересі там салыпты дегенде жерге қарайтын жайым жоқ деді.

«Бұл жұрттан сұрасаң бар ма, там салу деген азап, там салу деген тозақ дейді. Қайдағы тозақ? Шындап кірістің бе, дүниеде там салудан оңай нәрсе жоқ», деп желпіне сөйлейтінді шығарды. Дүниедегі ең ұлы ісі осы болғандай көшеден әрі өткен, бері өткенге әңгімесін айтып тоқтамайтын болды. Там жұмысы басталғалы бұл Шашубай тіпті сөзуар болып алды.

«Әсіресе түскі демалыс кезінде аузы босамайды. Ендігі әңгімесі – там біткеннен соңғы жерде оның маңын көгерту, көктету. Көктемде Түркістанның базарына барып, тамның алды-артына егілетін гүлдің ұрығын әкелетін болады. Көлеңке беттен сәкі жасалынып, жазғы шілдеде тамға қамалып пысынамай-ақ, үй іші түгел сол сәкіде самалдап отырады».

Шашубай былай ойламаса, Шашубай болар ма? Кірпіш құйып жүріп-ақ кейін егетін жеміс ағаштарын да жоспарлап қойған. Жүзім мен алма піскен соң жегенінен артылғанын сатамыз деді бірден. Балалардың да құлағын көтеріп, кімге мотоцикл, кімге велосипед керек екенін қазірден айтып қойыңдар деп елең еткізді. Мұнымен тыныш таппай, былтырғы шайдан босаған жәшікті іздеп аттандады. Күні ертең самсап алма, жүзім піскенде сол жәшікке салмақшы екен. Күлесің бе, жылайсың ба?..

Әрине, бәрі Шашубайдың баяғы ойлағанындай оңай бол­мады. Біресе кесегінің қалы­бы қисық, біресе есігі мен тақ­тайы түгел емес, шатыры тесік... «Олай-бұлай жеті күн жү­гір­генде Шашубайдың ши қал­пағының маңдайы желкесіне қарап, ала шалбардың екі бала­ғы бірдей қонышының сыртына шығып кетті». Иә, енді баяғы өткен-кеткеннен насыбай сұрап, екі аяқтың балшығын сілкіп қойып, керги сөйлейтін Шашубай жоқ. Ауданнан бір есік, бір терезе алып келген күні титықтап шаршап, шәй үстінде ұйықтап қалатын болған. Тамның бітпейтін митыңынан азып-тозып кеткені де бар. Ұста ағашың қисық, шатырың жарамайды десе, зәре-құты қалмай, соңында жылап жіберуге айналды. Баяғыдай кеудені толтырып тұрған Алашекеңнің абыройы да жоғалған. Он екі қанат ақ үйлердің де елесі алыстады.

Сөйтіп, бақытты күн туып, қара күзде Шашубайдың тамы бітті. Баяғы ата есімін аңыз қы­лып кеткен ағайындары да асыға жетті.

«Тамды айнала бере Тәукен аз-кем аялдап тұрып: «Шашубай, қарағым, біз сені тұрғылықты тамын келешекте салады, мынауы әншейін уақытша... осы күні сарай дей ме... Қойма дей ме... Сондай бірдеңесі болар, бірер жыл ес жиып алып, қайта кірісер деп ойладық. Тойыңа атап, жетелеп келгендерімізді де кейінге қалдырып тұрмыз», деді.

Біз білетін Шашубай енді расында бірер жыл демалып, бұдан жақсырақ там салуға кіріседі. Тағы да намысқа тырысады. Әрине, алдымен бірнеше жыл ойша пысықтап жүрері анық.

Тынымбайдың кейіпкер­лері­нің бәрі бір-біріне ұқ­сай­ды. Жалпы, автордың қай әңгімесі де этнографияға толы. Қиялының бір түкпірінде бү­гін бел шешіп кірісіп кете қоймайтын, бірақ әйтеуір алыс бір күндерде мін­детті түрде орын­далатын ізгі арманы бар Шашу­байлар қазақ ауылының қай-қайсысында да бар.

Соңғы жаңалықтар