• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 08:43

Қылқаламдағы қала тынысы

30 рет
көрсетілді

Отандық суретшілер үшін іргелі өнер кеңістігіне айналған «Ұлар» галереясында белгілі қылқалам шебері Евгений Фридлиннің жеке көрмесі есік ашты. Кенеп бетіне майлы бояумен жағылған үздік шығармалар көрерменге Алматы көшелерімен серуендеп жүргендей әсер қалдырады.

Қандай тақырыпты нысанаға алса да жанымен жазатын павлодарлық сурет­ші бұл жолы мыңбояулы мегаполистің тыныс-тіршілігін қылқаламға арқау ет­кен. «U2 немесе Әл-Фараби даңғы­лын­дағы серуен» деп аталған көрмеде Алматы пейзаждары алма-кезек алдың­нан шығады. Кенепте алма шаһардың күнде­лікті беймаза тіршілігі былай қа­лып, жаныңды шуаққа бөлейтін әсем кө­рі­ністер көз алдыңнан тізбектеліп өтеді.

Картиналардан Алатау бауырын­да­ғы алып қаланың бір сәттік күйін, ішкі рухын сезінгендей боласыз. Автор Алматыны жан-тәнімен түсінетін, жүрегімен қабылдайтын суреткер ретін­де бейнелейді. Сондықтан да болар, картиналардағы жарық пен көлеңке, қозғалыс пен тыныштық үйлесімі көрер­менді бейжай қалдырмайды.

Фридлиннің жұмыстарында уақыт­тың өзі баяулай түскендей. Бір қарағанда қарапайым көше көрінісі – терең ойға жетелейді, ал күн сәулесіне малынған ағаштар мен ғимараттар арасындағы үйлесім тіршіліктің әсем ырғағын аңғартады. Суретші мегаполистің қарбаласынан гөрі, оның адам жанына жылы тиетін жұмсақ қырларын көбірек ашуға ұмтылған.

Көрмедегі әрбір жұмыс – бір хикая. Бірінде жаңбырдан кейінгі дымқыл асфальттан шағылысқан шам жарығы көрінсе, енді бірінде кешкі Алматының мамыражай тынысы сезіледі. Қала көріністері арқылы суретші көрерменді өз естеліктеріне жетелейді, кенеп бетінен әркім өз Алматысын іздейді.

«Осыдан ширек ғасыр бұрын пав­лодарлық суретшілердің қолтаңбасы­мен танысудың сәті түсті. Олардың ішінде сол кездегі жас суретші Евгений Фридлиннің мәнері ерекше назар аудартты. Оның кескіндемесі тәнті еткені сонша,  Алматыда көрмесін ұйымдастырдық. Бұл 2006 жыл болатын. Содан бері  жиырма жыл артта қалса да Фридлиннің  шығармашылығы өз биігінде. Кейін осы шығармашылық байланыс достыққа ұласты. Бұл жолғы көрме экспозиция­сына Алматы қаласы мен Әл-Фараби даңғылына арналған 40-тан астам туынды қойылды. Суретшінің шалқар шабытын қозғалыс, уақыт және қаланың мәдени өзгерісінің рәмізі ретінде қарастыруымызға болады. Көрмеде автордың бірегей қолтаңбасын ұсына отырып, қаламыздың дамуын, мұнда пайда болған жаңа туристік нысандарды да көрерменмен таныстырғымыз келді», дейді «Ұлар» галереясының директоры Юрий Маркович.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар