Тоқсан жылдан бері орта және кіші буын медицина қызметкерлерін дайындап келе жатқан Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде «Гиппократ», «Добромед», «Мейірім» волонтерлік топтары белсенді жұмыс істейді. Алғашқы екеуі паллиативті көмекке мұқтаж, төсекке таңылған науқастарға күтім жасау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, алғашқы медициналық көмекті үйрету бағытында жұмыс атқарса, соңғысы қайырымдылық шаралар өткізумен айналысады.
«Гиппократ» тобы 2024 жылы облыс көлемінде «Ең үздік волонтерлік топ» аталымын алды. Осы оқу орнындағы еріктілердің жұмысы пандемия басталған жылы жанданды. 2020 жылы наурыздың соңында шетелден ұшып келгендер арасында алғашқы науқастар тіркеліп, дерт күрт таралып жатқанда алғашқы сынақ дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне түскен-ді. Мамандар жетіспей жатқанда, дәрігерлік білімнен хабардар еріктілер ауруханадағы науқастарға оттегі баллондарын, қажетті заттар мен құралдар жеткізді, дәрігерлерге сырттан тамақ тасыды, науқастарды бөлімшелерге тасымалдауға көмектесті. 2020 жылдың сәуірінде «Гиппократ» тобының жетекшілері Б.Дабылдина, В.Тілеулесова медицина мамандығына оқып жатқан студенттерді еріктілер қатарына қосылуға шақырды. Осы күндері балалар пандемия уақытында жандарын шүберекке түйіп жүрген дәрігерлер жұмысының қиындығын көрді. Пандемия елімізде волонтерлік жұмыстың жандануына жол ашты. Бір жағынан болашақ мамандығын меңгеруге себі тисе, екінші жағынан қайырым күткен жандардың ризашылығын алу балалардың көңіліне қанат бітірді. Өйткені жүректегі мейірім қайырымды істерге жол ашады.
Еріктілер сапында жүрген студенттер оқуларын бітіріп, жан-жаққа кетсе де, бүгінде оқу орнымен байланысын үзген емес. Гиппократтықтардың пандемия кезіндегі жұмысы ерекше дараланып, «Birgemiz» ұлттық жобасының «Saulyq» аталымы бойынша республикада үздік топтардың қатарына еніп, өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің қолынан төсбелгі алды. Осы кезден «Гиппократ» еріктілері №1 «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы», «Аяла» оңалту орталығы, жедел жәрдем ауруханасы, «Үміт» сәбилер үйі, ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта қамқорлыққа зәру жандарға көмектесе бастады. Одан өзге қаладағы жалғызілікті қарияларға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, үйлерін жинастыруға қолғабыс етті. Болашақ фельдшерлер мен орта медбикелер, тіс техниктері ұстаздарымен бірге қарттар үйіндегі қамкөңіл жандарға күтім жасады, қан қысымдарын өлшеп, тіпті кейбіріне тіс протездерін салып берді. Қариялардың алғысын алған жастар қиын кезде қолдау көрсетудің маңызын түсінді. Қолдары бос кезде оқытушыларымен бірге мекемеде тұратын қарттарды сән салонына, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына қойылымдарға апарып, мәз қылды. Төрт қабырғада қамалып отырған қарияларға өз бала-немерелері емес, бөгде балалар мейірім төкті. Осы топтың мүшелері «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі грантын жеңіп алып, жүріп-тұруы қиын, паллиативті көмекке мұқтаж, төсекке таңылған науқастарға көмектесті. «Гиппократ» тобының жетекшісі Еркеназ Бисеналықызының айтуынша, топтың негізгі бағыты – медициналық әлеуметтік көмек көрсету. Болашақ мамандар жедел жәрдем ауруханасында, емханалардағы медбикелік күтім бөлімдерінде жатып қалған науқастардың денесінде ойылудың болмауын қадағалап, күтім жасайды.
«Осы оқу орнындағы волонтерлік топ бұрыннан бері жұмыс істейді. Оны ұйымдастырған оқытушы – Балнұр Дабылдинова. Мен 2013 жылы қосылдым. 2019 жылы «Өзекті жанға бір үміт» жобасымен грант конкурсына қатысып, оның қаржысына паллиативті науқастарға қажетті күтім заттарын алып, тараттық. Ковид кезінде қарауымызға алған бірқатар жалғызілікті зейнеткерге азық-түлік апарып, кезекпен үйлерін жинастырдық. 2023 жылы «Birgemiz» жобасымен грантқа қол жеткізіп, ішек жолдарының ауыр науқасына шалдыққан жандарға қаладағы №3 емхана арқылы қажетті тауарларды жеткізіп бердік. Қарттар үйлеріне барып, қарттар мен мүгедектігі бар жандарға жиі көмектесеміз. Бейімдеу орталығындағы ересектерді медициналық тексерістен өткізуге қолғабыс жасадық. Мұқтаж жандарға көрсеткен көмегіміз еленіп, 2023 жылы «Гиппократ» клубы еліміздегі «Ең үздік волонтерлік топ» жүлдесін иеленді», дейді еріктілер тобын ұйымдастырушылардың бірі, колледж оқытушысы Венера Тілеулесова.
Осы оқу орнындағы тағы бір волонтерлік топ «Добромед» құрамында 85 ерікті топ жетекшісі Н.Дементиевскаяның жетекшілігімен инсульт алған науқастарға оңалту жұмысын жүргізеді, мүгедек балаларды қыдыртып, сабақтарын оқытады. «Үміт» балалар үйіне барып, сәбилерге анимациялық шоулар көрсетіп, ойындар ұйымдастырып, әлеуметтендіруге көмектеседі. «Добромед» еріктілері медициналық жастар қозғалысынан республикалық шағын гранттарды бірнеше рет ұтып алды. Соның ішінде 2024 жылы топ мүшелері әзірлеген инсультке қарсы жобасы еліміздің үздік сауықтыру жобасы қатарына енді. Көмек пен қолдауға мұқтаж жандарға бар ынта-жігерлерімен көмектесіп жүрген студенттер көп тәжірибе жинақтады.
Өңірдегі саны аз медициналық бағыттағы еріктілердің дәстүр жалғастығы үзілмей келеді. Алдыңғыларының ісі – кейінгілерге үлгі. Ерікті жастардың өмірлік бағдары айқын, қайырымдылық пен ізгілік, мейірімділік – оларға құр сөз ғана емес, нәтижесі көрінетін нақты іс. Волонтерлік топтағы жастардың басты қағидалары – адами құндылықтарды сақтау, мұқтаж жанға қарайласу, қоғамды ізгілендіруге үлес қосу.
Ақтөбе облысы