• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жастар Бүгін, 08:27

Тайм-менеджмент және талапты студент

30 рет
көрсетілді

Тайм-менеджментті пайдаланып, білім алумен қатар кәсібін де дамытуды мақсат еткен студенттің тәулік бойғы іс-әрекеті жоспарланған. Халықаралық қазақ-түрік университеті спорт факультеті, дене мәдениеті кафедрасының 4-курс студенті Мейірлан Досжанов грантта оқиды. Биыл университетті тәмамдағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Дегенмен студент өз ортасына табысты әрі алға қойған мақсат-жоспары көп кәсіпкер ретінде танылып үлгерді.

Қазір ол университеттің оқу жос-парына сәйкес, қаладағы теннис орталығында іс-тәжірибеден өтіп жүр. Теннис орталығы Мейірланды аттай қалап, диплом алған соң жұмысқа шақырып отыр. Себебі Мейірлан өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындап, жауапкершілік танытады. Басшылықтың да, орталыққа келген клиенттердің де көңілінен шығып жүр.

Мейірлан – отбасының кенжесі. Кішкен­тайынан кәсіпке жақын болып өсті. Кәсіптегі алғашқы қадамы өзімізге етене таныс, ұлт­тық сусын – көже сатудан басталды. Анасы дайындаған көжені күнделікті ішіп жүрген Мейірланға «бұл көжені неге басқалар да ішпеске?» деген ой келеді. Себебі оның есептеуінше, анасы дайындаған көженің дәмі ерекше, әлемде теңдесі жоқ тағам. Осылайша, жас жігіт анасы әзірлеген өнімді сатылымға шығарады. Көжені жай сатып қана қоймай, оған тауарлық сипат берді. Алғашында қа­рапайым құтыларға құйып, қағаз қап­тамасын жасап, фирмалық өнім ретінде на­рыққа ұсынды. Осылайша, жас кәсіпкер кез келген өнімді бренд ретінде қалыптастыруға болатынын түсінді. Нәтижесінде, көжеге деген сұраныс артып, отбасылық бюджетке қаржы түсе бастаған. Мейірлан бұл қаржыны жеке басының қажеттілігіне жұмсап жібермей, оны қайта айналымға салып отырды. Ісін кеңейтудің жолдарын іздестірді. Яғни тек көже сатумен шектелмей, нарықты зерттеді.

«Қазіргі адамдар не тұтынады? Қандай тауарға сұраныс жоғары? Қандай кәсіп бас-тасам, табысқа шығамын? Қандай кәсіптен жер сипап қалуым мүмкін?» Осы сауалдарға жауап іздеп, ақыры попкорн (жүгері жармасы) бизнесіне келді. Бар болғаны 6 мың теңге бастапқы капиталмен, оған 1 кило тәтті мен 1 кило түрлі-түсті попкорн сатып алу арқылы өз өндірісін бастады. Мұндағы басты ерекшелік – оның сапа мен эстетикаға мән беруі. Қарапайым пакеттердің орнына 75 теңгелік сапалы «дой пак» қаптамаларын таңдауы тұтынушы алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Нәтижесі де көп күттірмеді: «Халық маркет», «Халық сити» сынды ірі дүкендермен келісім жасап, күніне 40 пакетке дейін өткізіп, 10 мың теңге пайда таба бастады. Бүгінде тұтынушының таңдау мүмкіндігі мол. Тапшылық заманда барын қанағат тұтқан адамдар қазір әрбір азық-түлік, киім-кешек, түрлі тауарды бір-бірімен салыстырып барып алады. Мейірлан маркетингтік амалдарды жан-жақты меңгеріп, тұтынушылардың психологиясына терең бойлай білетін қасиетін түрлі сынақ, тәжірибе жасап көру арқылы әрмен қарай дамытты.

Мейірланның тұлғалық қасиетін ашатын тағы бір маңызды тұс – оның қаржылық тәртібі мен адамгершілік қағидаты. Ол 80 мың теңге шәкіртақысын ойын-сауыққа емес, бизнесіне қажетті шикізат пен қаптамаға инвестиция ретінде жұмсады. Ал анасының еңбегімен келген көжеден түскен пайданы міндетті түрде анасына береді. Ол бүгінгі масылдық психологиядан арыла алмай жүрген кейбір жастарды түсінбейтінін, жұмыс істеймін деген адамға көп мүмкіндік барын айтады. Масылдық психологиядан құтылудың жалғыз жолы – еңбекке деген көзқарасты өзгерту. Хакім Абай айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Нағыз тәуелсіздік бұл қаржылық және рухани еркіндік деп есептейтін Мейірлан бір орында тұрып қалғанды ұнатпайды. Попкорн сатып жүргенде ол жаңа деңгейге шығып, кәсібінің өрісін кеңейтуді ойлады. Сөйтіп, бүгінде балықшыларға арналған құрал-жабдық сатуды қолға алды. Мейірланның айтуынша, бұл кәсіпті ағасы екеуі бастаған. Олар қаладан бір кішігірім ғимаратты жалға алып, ішін балықшыларға арналған ассортименттермен толтыруда. Дүкен енді ашылғандықтан, мұнда істейтін жұмыс әлі көп.

– Дүкен әуесқой балықшыларға жем, қармақтар, торлар, палаткалар, қайық аксессуарларын ұсынады. Біз тек тауар сатумен шектелмей, кеңес беру қызметін де атқарамыз. Клиенттерге дұрыс жем таңдауға, балық аулауға қандай қармақ тиімді, палатканы қалай құру керектігін, қайыққа қажетті аксессуарларды қалай қолдану керектігін түсіндіреміз, – дейді Мейірлан.

Студент жігіт бұл кәсіпті оқумен қатар алып жүргенін, бірақ бірінші кезекке білімді қоятынын айтады. Ол дүкенді толықтай автоматтандырып, өзінің қатысуынсыз жұмысы жүре беретін деңгейге шығарғысы келеді. Тайм-менеджментті меңгерген адам оқуға да, жұмысқа да, жеке өміріне де уақыт табады.

– Зіңгіттей жігіт бола тұра ата-анаға қол созуды ұят деп санаймын. Сондықтан ең бас-тысы адамда ниет, жоспар болса, оны әрі қарай өзінің тынымсыз еңбегімен ұштастырса, барлығы сәтті боларына сенімдімін. Өз ісіне деген сенімділік – адамның өмірінде алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға жол ашатын күш. Әрбір адам қарақан басын ойламай, қоғамға пайда тигізуді ойлауы керек. Университетті бітіргеннен кейін елге қызмет еткім келеді. Грантта оқитындықтан оның өтеуі бар. Елімізде спорт саласын дамыту өте маңызды. Себебі әлемнің назары спортқа түсіп отыр. Спорт арқылы жетістікке жетуге мүмкіндік мол, – дейді жас кәсіпкер.

Студент-кәсіпкердің өз ісіне асқан ұқып­тылықпен қарап, барлық жерде сапаға мән беріп отырғанына көз жеткіздік. Оның бұл ісі құрдас-замандастарына үлгі болар деген ниеттеміз.

 

ТҮРКІСТАН 

Соңғы жаңалықтар