Мәжілістің жалпы отырысында «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы және оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қаралды. Аталған заң жобасы бойынша елімізде тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігі құрылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
7 тарау 30 баптан тұратын құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мадина Әбілқасымова таныстырды. Агенттік төрағасының айтуынша, аталған заң жобасы Қазақстандағы кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметін құқықтық тұрғыдан алғаш рет жүйелі түрде реттеуге бағытталған.
«Заң жобасы рейтингтік қызметті мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың кешенді моделін қалыптастырады. Сонымен қатар ілеспе заң жобасы аясында 3 кодекс пен 18 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Жаңа заңда келесі рейтингтік қызметтің құқықтық негіздерін белгілеу, рейтингтік қызметтің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, рейтингтік қызметті мониторингтеу және қадағалау, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру міндеттері айқындалған», деді Мадина Әбілқасымова.
Әлемдегі ең бақытты елдердің рейтингі жарияланды: Қазақстан нешінші орында тұр?
Заң жобасы шеңберінде кредиттік рейтингтік агенттіктердің үш түрін қамтитын институционалдық модель енгізілмек. Алғашқы модель бойынша тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігін құру ұсынылады. Оның акционерлері қатарында Ұлттық банк, халықаралық рейтингтік агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары енеді. Ұлттық банк агенттіктің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қаржы нарығы тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан әлемдік білім беру рейтингінде 18-орында тұр
Ал бұдан кейінгі кезекте халықаралық рейтингтік агенттіктер қызметі қарастырылған. Олардың қатарына Standard & Poor's, Moody's, Fitch Ratings, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше кемінде бес ел мойындаған өзге де рейтингтік агенттіктерді тарту жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК