Кезінде спорттың қай түрінен болса да, КСРО-ның спорт шебері нормативін орындау өте қиын еді. Ондай үлкен іс тек жалықпай еңбек етіп, жаттығу залында шелектеп тер төгіп, дүбірлі додаларда аянбай айқасып, барлық қиындыққа төзе білген саңлақтардың ғана қолынан келетін.
Сондай дарыны асқан жастардың бірі Қайрат Әбілов еді. 1971 жылы Қостанай облысының Қамысты ауданында дүниеге келген ол балауса кезінен балуандық өнердің сиқырына арбалып, еркін күреске мықтап ден қойды. Аудан орталығында Увайс Дубаевтың қол астында жаттықты. Зерек баланың бойында бұла күштің бұлқынып жатқанын байқаған бапкері оны арнаулы оқу орнына жіберуді жөн көрді. Сөйтіп, бозбала Қарағанды қаласында қоныс тепкен әйгілі Әлия Молдағұлова атындағы №3 спорт саласындағы Олимпиадалық мектеп-интернаттан бір-ақ шықты.
Талай дарынды спортшыны шыңдаған қарашаңырақта Қайрат өз қатарының алды болды. 1985–1986 жылдары өзі құралпы балалардың арасында Алматы мен Арқалықта өткен республика біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеді. 1987 жылы Қарағандыда ұйымдастырылған мектеп оқушыларының спартакиадасында күміс медальды мойнына іліп, Бішкектегі бүкілодақтық турнирде топ жарды. 1988 жылы Талдықорғанда Қазақстанның жасөспірімдер ойындарының жеңімпазы атанып, Душанбеде мектеп-интернаттар арасындағы КСРО біріншілігінің бас жүлдесін олжалады. 1989 жылы Тбилисиде «А» санатындағы турнирде барлық бәсекелесінен басым түсіп, КСРО-ның спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты.
Әуелі 69 кг салмақ дәрежесінде күресіп, уақыт оза 74 кг салмаққа ауысқан Қ.Әбіловтің жолына майталман мамандар үлкен үмітпен қарады. Бірақ жалынды жастың дарыны асса да, бағы жанбады. Түрлі жарыста алған жарақаттары Қайраттың кеңінен көсілуіне мүмкіндік бермеді. Содан нағыз жалындап тұрған шағында бозкілеммен қош айтысты. Алайда үлкен спорттан алыстаған жоқ. Өзі бизнеспен айналысса да, дарынды жастарға үнемі қамқор қолын созып жүрді, демеушілік жасады. Қайрат Құбайұлының қамқорлығын көрген талай жас өрен кейіннен ел спортындағы елеулі тұлғаға айналды. Өзекті өртер өкініш, Қ.Әбіловтің өмірі тым қысқа болды, небәрі 36 жасында бақиға озды. Туған ауданында жыл сайын айтулы азаматты еске алуға арналған республикалық турнир үздіксіз өтіп тұрады.
Бұл күндері Қамыстыда спорт кешені салынып жатыр. Биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Өңір тұрғындарының осы нысанға кезінде Қазақстан мен КСРО құрама командасының мүшесі болған белгілі балуан Қайрат Әбіловтің есімін берсе деген тілегі бар.