• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 09:00

Әдебиет және әдебиеттанушы мерейі

40 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын, әдебиетта­нушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызының мерейтойына арналған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселе­лері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алқалы жиын ав­тордың ғы­лыми-шығар­ма­шылық еңбек­­­те­ріне арналған көр­ме­ден басталды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жо­ғары білім, Оқу-ағарту ми­нис­трліктері, Жазушылар одағы мен Шығыс Қазақстан, Абай облысы әкімдік­терінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбек­стан елдерінен және отандық жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар, жас зерттеушілер мен әдебиет сала­­сының мамандары қа­тыс­ты.

Жиынға модераторлық еткен ақын, Мәжіліс депута­ты Аманжол Әлтай ғалым­ның шығар­ма­шылық­тағы әр қыры­на тоқталып өтті.

«Ғылым таппай мақтанба, орын тап­пай баптанба…» деген ұстанымды өмі­ріне темірқазық еткен ғалымның басты қырларының бірі – ғылым саласы. Ол ұзақ жыл бойы әдебиеттану ғы­лымының өрінде еңбек етіп, өзіндік орны бар ірі зерттеушіге айналды. Ға­лымның қаламынан туған монографиялар, оқу құрал­дары, оқулықтар мен ондаған жыл бойы үздіксіз жа­рия­ланып келе жатқан ғылыми мақа­лалар оның ғылымдағы биік беделін айқындайды. Ғалымның келесі бір қыры – ұстаздық. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың еліміздің түрлі саласында табыс­ты еңбек етіп жүрген білікті мамандарға айналуы­на жол ашты. Ал үшінші қыры – ақындық болмысы. Ол қазақ әдебиетінде Фари­за Оңғарсынова сынды ірі тұлға­лардың ізін жалғап, поэ­зия әлемінде биік деңгейге көтерілді», деді ол.

Мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысы табысталып, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжі­ліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мем­ле­кеттік кеңесші Ерлан Қарин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасым­бек, өзге де мемлекеттік ор­ган­­дар мен жоғары оқу орын­дары басшы­ла­рының құттық­тау хаттары оқылды. Сондай-ақ ғалым еңбек етіп жүрген Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­­верситеті тарапынан арнайы «Гумилев» медалі­мен марапатталды.

Жиын барысында отан­дық және ше­тел­­­­­дік ғалым­дар баяндама жасап, Жанат Әскербекқызының еңбектері әде­биет­тану, поэтика және ұлт­тық әдеби үде­ріс тұрғы­сынан кеңінен тал­қыланды.

Филология ғылым­­да­рының докторы Серік Негимов баяндамасында ақынның айшық­ты көркем тілін, ой мазмұнын талдады.

«Ақын Жанат ойын тұздықтап, әсерлі жеткізу орайында метафо­ралық сөз тіркес­терін шеберлікпен қолданады: елік сезім, бөрі түн, сыбыз­ғы сыр, құлын күн, күлік күн, жұлдыз көрпе, қобыз кеуде, құйын тағдыр, тәңір уақыт және т.с.с. Задын­да, ақын поэтика­сына көркемдік-фило­софиялық, тари­хи-әлеуметтік, этно­­лингвистикалық, этно­гра­фиялық, поли­фониялық, мифологиялық құнды­­лықтар тән. Шеберлік пен тапқырлық – поэзиялық сұлулық пен бейнелеулердің қайнар көзі десек, ой мен сөздің зергері Жанат Әскер­бекқызының жырлары осынау көр­кемдік шарттарды мінсіз қолдана білгенін көруге болады», деді Серік Негимов.

Ғалым Шәкір Ибраевтың айтуын­ша, мифтің мазмұны қазіргі адам санасы­ның терең қабаттарымен астасып, әлеу­меттік астармен ғана шектелмей, адам болмы­сының құндылығын, рухани қырларын да қамтиды.

«Миф – жай қайта­ла­на­тын да­йын мотив емес. Ол – ақынның ойы мен сезім дүниесінің жаңа өрісін ашатын, сырлы әлемге айналған күрде­лі құ­былыс. Қазіргі әдебиетте миф феноменологиялық тұрғыдан жаңа­ша транс­фор­ма­цияға түсіп, адам таны­мы­ның терең қатпарларын айқын­дайды. Бұл үдеріс Жанат Әскербек­қызы­ның ғылыми ізденісі мен көркем шығармашылығында айқын көрініс табады», деді ғалым.

Конференция аясында мерейтой иесінің өмірінен сыр шертетін бейне­­баян ұсынылып, «Құмыр-құс үні», «Көркем мәтіндегі актанттық модель» атты қос кітабы таныстырылды.

Пленарлық отырыстан кейін іс-шара «Қазіргі қазақ поэзиясындағы автор­лық қол­таңба: поэтикалық және көркемдік жүйе», «Заманауи әдебиет­танудағы струк­­туралистік-фено­мено­логиялық зерт­­­­теулер», «Гу­ма­­ни­тарлық ғылымдар тоғы­сын­дағы антро­пология және мифология», «Фило­логиялық зерттеу бағыттары» тақы­рыбында төрт секция бойынша жалғасты.

Кешкі бағдарлама Астана қала­сы әкімді­гінің Музы­калық жас кө­рер­­мен театры сахнасында өткен Жанат Әскербекқызының шығар­ма­шы­лығына арналған поэ­тикалық-музы­калық қо­йы­­­лымға ұласты. Режис­сері – Асхат Маемиров. Ақын өлең­дерімен өріл­ген спектакль поэти­ка­лық тыныс­пен толыға түсті. «Ға­жайып мекен», «Арғанаты», «Көк­түрктер әуені», «Тоныкөктің толғауы», «Баба жұртына оралу»... Өнер мен өлең қа­быса бірігіп, тұтас туындыға ай­нал­ған айшықты көрініс­тей әсер етті.

Театр сахнасында мерейтой иесі­не арнап өлеңін оқыған Мемле­кеттік сый­лық­тың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы поэ­тика­лық қойы­лым­ның шығар­ма­шылық мазмұны терең екенін атап өтті.

«Поэтикалық-музыкалық қойы­­лым­ның әсері ғажап болды. Жанат­тың поэ­зия патшалығына кіріп кетіп, содан әлі шыға алмай отырмын. Бұл кеш елі­міздегі күн сайын, жыл сайын өтіп жа­татын жиындардың ешбіріне ұқса­май­тын өнер оқиғасы десек, артық айтқа­ным болмас. Спек­такльдің режиссері Асхат Маеми­ровтің елден ерек таланты мен ізденісіне тәнтімін», дейді ақын.

Бұдан бөлек, театр сахнасында ақын өлеңдеріне жазылған «Сен және мен», «Қара гүл», «Сағынып жүр­мін», басқа да әндері орындалды.

Соңғы жаңалықтар