Сәуірдің 11-нен 12-не қараған түнде елорданың Есіл ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, салдарынан кәмелетке толмаған үш бала ажал құшып, аналары ауруханаға жеткізілді. Жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері әбжіл әрекет етіп, бірнеше адамды эвакуациялады.
Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрттің неден тұтанғаны анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі оқиға орнына ТЖМ күштерінің алғашқы бөлімшелері жеткенде қызыл жалын күшіне мінген еді.
«Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан кәмелетке толмаған үш баланың денесі табылды. ТЖМ күштерімен жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетінше шықты. Өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», делінген министрліктің мәліметінде. Қайғылы оқиға құзырлы орындардың бақылауында, әкімдік тарапынан зардап шеккен әйел мен қаза тапқан балалардың отбасына қажетті көмек көрсететіні де айтылды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев тілсіз жау шарпыған пәтердің сыртқы темір есігіне бір емес, екі құлып орнатылғанын, құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен бұзып ашқанын айтты. Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа автоматты түрде түсірілген. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласының кіреберісі металл қақпамен жабылып, жолдың жиегінде жеңіл көліктің бөгесін болғанына қарамастан, ТЖД күштері өрттің көрші пәтерлерді шарпуына жол бермеді. Өрт фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы мен шығу себебін анықтайтын сараптамалар тағайындалды. Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы оқиғаның куәгерлері өрт сөндіру техникаларының көпқабатты тұрғын үйдің ауласына жетуіне жол жиегіне қаңтарылған жеңіл көліктің әжептәуір кедергісі тигенін айтады. Адам өміріне араша түсер қарбалас сәтте бір минуттың өзі маңызды. Құтқарушылар діттеген межеге еш кедергісіз жеткенде мүмкін үш бала аман қалар ма еді? Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығы жолында тәуекелге бел байлайтын құтқарушылардың қысылтаяң шақтағы жанкешті ісіне көлденең болған бұл бірінші дерек емес. Өкініштісі, мұндай келеңсіздік жиі қайталанады. Көпқабатты үйлердің ауласын жағалай көлік тұрағына айналдырған тұрғындардың кейбірі жолды бөгеп, өзгеге кедергі келтіретін жайт жиі болады. Құтқару қызметінің техникалары ғана емес, өмір мен өлім арпалысқан жедел жәрдем көлігіне де көшеде ығыспай жүрісін тежейтіндерге тәртіптік шара қатаңдатылуға тиіс. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса құтқарушылардың қызметіне кедергі келтіргендерге әкімшілік іс қозғалып, арзымайтын айыппұл салу аздық ететінін айтады.
«Астана қаласында алапат өрттің кесірінен үш бірдей балдырған ажал құшты. 2019 жылы елорда іргесіндегі жер үйде тұтанған өрттен бүтіндей бір шаңырақтың бес бірдей балдырған қызы өртеніп кеткенін білеміз. Мұндай адам өміріне әкеліп соққан оқыс оқиғалар, өкінішке қарай, жиі қайталанады. Тілсіз жауды өшіруге келген, төтенше жағдайда азаматтарды құтқаруға ұмтылған арнайы сала мамандарының жұмысына кедергі болғандарға тағылар жазаны күшейту қажет. Еуропа елдерінде мұндай жағдайда құтқарушылар көлденең болған көлікті көтеріп, болмаса сүйреп аулаққа апарып тастайды. Ал Астанадағы өрт кезінде жол жиегіне көлігін қойып кеткен азаматты іздеп тапқанша сүт пісірім уақыт өткен. Мұндай оқиға кезінде айыппұл мөлшерін арттырып, жазаны қатаңдату қажет», дейді Қ.Иса.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандары тұрғындарға қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауды әрдайым ескертеді. Өрт сөндіретін арнайы техникалар мен жедел жәрдем көліктерінің кедергісіз қатынауына жол ашық болуға тиіс. Көлденең жайт уақытты жұтады. Қызыл жалынды сөндіріп, тұрғындарды құтқаруға жұмылған арнайы бөлім қызметкерлерінің әр минуты – адам өміріне араша түсер мезет екенін әркім жадында ұстағаны жөн.
Мұндай қайғылы оқиға бұдан кейін де қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді. Көк тіреген зәулім ғимарат саларда құрылыс компаниялары тұрғындарға жайлы ортаны да ойлаған абзал. Іркес-тіркес бой көтерген тұрғын үйлердің ауласы да анау айтқандай кең емес, көлік тұрағы да тар. Әр тұрғын үйдің паркингіндегі орын пәтер санымен есептегенде 20 пайызын да қамтымайды. Бүтіндей бір отбасы қайғы жамылған қаралы оқиғадан сабақ алсақ игі. Адам өліміне әкеліп соққан оқиғаға айыптыларды жазаларда заң солқылдақ, үкім үлпілдек болмауы керек.