Ел экономикасы биылғы жылдың алғашқы тоқсанын cоны серпінмен, оң көрсеткішпен қорытындылады. Ұлттық экономика министрлігінің (ҰЭМ) мәліметінше, ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) нақты өсімі 3 пайызды құрады. Алайда бұл жерде құрғақ саннан гөрі сол нәтижеге қай жолмен жеткеніміз маңыздырақ. Күрделі сыртқы геосаяси ахуал мен әлемдік нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан еліміздің экономикалық «арбасы» бұрынғыдай тек мұнайға ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік пен қызмет көрсету салаларының есебінен алға жылжып келеді.
Ұлттық экономика министрлігінің мамандары бұл құбылысты экономиканың ішкі иммунитетінің нығаюы деп бағалайды. Олардың пайымдауынша, осы көрсеткіш экономиканың анағұрлым тұрақты әрі бір ғана секторға тәуелділігінің азайып келе жатқанын көрсетеді. Шын мәнінде бұл маңызды құрылымдық өзгерісті білдіреді. Бір кездері мұнай негізгі драйвер болса, бүгінде өсім ішкі экономикалық белсенділік, өндіріс пен логистика есебінен артып келеді.
«Мемлекеттік бюджеттің қоржыны да тола түскен. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында бюджет түсімдері Ұлттық қордан алынатын трансферттерді есептемегеннің өзінде жоспарлы деңгейден 104,3 пайызға орындалды. Жалпы түсім 6,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Әсіресе салық түсімдерінің 20 пайызға жетуі, салықтық-кедендік әкімшілендіруді ретке келтіру арқылы қосымша 137,6 млрд теңгенің қазынаға құйылуы – үлкен жетістік. Бұл жерде тек бақылау емес, сервистік жүйеге көшудің де септігі тиді. Мәселен, «Халық есепшісі» акциясы 47 мыңнан астам салық төлеушіні қамтыса, 348 мың азаматтың еңбегі заңдастырылып, нәтижесінде, бизнес субъектілерінің саны 2,7 млн-ға жеткен», дейді министрлік бізге берген арнайы жауабында.
Экономист Айбар Олжаев бұл үдерістің тарихи маңызы бар екенін әрі еліміздің құрылымдық трансформацияны аяқтауға жақын екенін алға тартады. Сарапшының пайымдауына сүйенсек, биыл бірінші тоқсанда Теңіздегі апат пен КҚК (Каспий құбыр консорциумы) жүйесіне жасалған шабуылдардан мұнай өндірісі 19,8 пайызға, газ өндіру 15,1 пайызға қысқарған болатын. Нәтижесінде, тау-кен өнеркәсібі секторы 11,4 пайыз төмендеген. Бұрынғы классикалық парадигмада мұндай кезде мұнайға байланған экономикамыз автоматты түрде құлдырауға тиіс еді. Ал енді керісінше, бірінші тоқсандағы ішкі жалпы өнім 3 пайыздық өсім көрсетіп отыр.
«Ендігі өсу бұрынғыдай мұнай немесе тау-кен секторынан емес, өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларының есебінен қалыптасатын болған. Демек, экономика сыртқы қысымдар жүріп жатса да ішкі салалар арқылы дамуын тоқтатпайды. Ел экономикасының иммунитеті күшейіп келе жатыр. Ұзақмерзімді үрдістерге үңілсек, кейінгі он жылда ІЖӨ құрылымындағы мұнай секторының үлесі екі есеге жуық қысқарып, 2010 жылғы 16,5 пайыздан 2024 жылы 8,1 пайызға дейін төмендеген. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 12,7 пайызға дейін өсіп, екінші жыл қатарынан тау-кен секторынан асып түсті. Түсінген адамға бұл – жай ғана сан емес, елде жаңа экономикалық архитектураның жасалып жатқанының нышаны. Екінші тоқсанда экономиканың өсуі күрт жоғарылайды. Себебі енді мұнайсыз 3 пайыздық өсімге мұнай факторы қосылатыны анық. Осы тоқсанда мұнай өндіру қарқыны толық қалпына келді әрі біздің экспорттық маркалар – CPC Blend пен KEBCO сорттарының бағасы қатты қымбаттап кетті. Оның әсері енді сезіледі. Сондықтан биыл біздің өсім 5 пайыздан кем шықпауға тиіс», деп түсіндірді экономист.
Ал нақты сектордағы өсім 2,1 пайызды, ал қызмет көрсету саласы 3,7 пайызды құрады. Бұл бизнес пен қоғам үшін «біз тек мұнайға телміріп отырған жоқпыз» деген маңызды белгі. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім тіпті таңғалдырарлық: жыл басында 5,9 пайыз болса, наурыз қорытындысында 8,5 пайызға дейін жеделдеген. Бұл серпін 18 өңірде бірдей байқалып отыр. Әсіресе машина жасау саласының 21,9 пайызға өсуі – нағыз индустриялық серпіліс. Оның ішінде автомобиль жасау – 29,6 пайызға, электр жабдықтарын өндіру 31,3 пайызға ұлғайған.
«Білікті жұмыс орындарын құру, компоненттерге, логистика мен қызметке сұранысты қалыптастыру, өнімділікті арттыру сынды салалар экономикаға ұзақ әсер етеді. Машина жасау және онымен байланысты салалардың үлесі неғұрлым жоғары болса, экономика шикізат моделінен соғұрлым күшті болып, өзінің индустриялық базасын қалыптастырады. Өңдеу саласындағы өсім тек машинамен шектелмейді: азық-түлік өндірісі – 12,6 пайызға, сусындар – 10 пайызға, құрылыс материалдары – 37,1 пайызға, металл бұйымдары – 39,3 пайызға, фармацевтика 46 пайызға өскен. Мұндай жан-жақты даму экономиканы тұрақты етеді. Яғни бір сала ақсаса, екіншісі демеп жіберетін «тірек нүктелері» көбейген», дейді ҰЭМ.
Инвестиция мәселесінде де бизнес белсенділік танытып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,5 трлн теңгеге жетіп, 6,4 пайызға өсті. Ең жақсысы – жеке инвестициялардың бірден 20,9 пайызға артуы. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлер ертеңгі күнге сеніммен қарап, өз қаржысын өндіріске, энергетикаға, аграрлық сектор мен байланыс саласына батыл құйып жатыр деген сөз. Сондай-ақ құрылыс жұмысы 14,8 пайызға өсіп, 3,9 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Осы салада Абай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр. Рас, мұнай мен газ өндірісі уақытша бәсеңдеген тұста өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларының алға шығуы – макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды белгісі. Дегенмен экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы мен қарапайым халықтың әл-ауқаты арасындағы байланыс әлі де болса қоғамдық талқылаудың негізгі тақырыбы болып қала береді.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, экономикалық әртараптандыру саясаты біртіндеп жүзеге асып жатқанымен нақты нәтижесін көруге уақыт қажет.
«Еліміз экономиканы әртараптандыру жолында, бірақ индустриялық мемлекет болу үшін жоғары қосылған құнды өндіріс, яғни машина жасау, химия, IT (ақпараттық технологиялар) саласы мен экспорттың әртараптандырылуы қажет. Инвестиция өсімі неге халыққа бірден сезілмейді деген сұраққа келсек, әрине, 21 пайыз инвестиция өсімі – шынымен де мықты сигнал. Бірақ оның халық табысына әсері бірден болмайды. Неге? Оған уақыттың өзінің әсері бар. Бүгін салынған инвестиция тек арада үш жыл өткенде ғана іске қосылатындығын ескеруіміз керек. Сондай-ақ жұмыс орындары мен жалақы өсімі де кейін келетіндігі белгілі», дейді сарапшы.
Расында да, инвестицияның тек көлемі ғана емес, оның қай салаға бағытталғаны маңызды. Шикізат секторына салынған ірі капитал бірден көп жұмыс орнын ашпауы мүмкін, сондықтан табыстың әділ бөліну мәселесі туындайды. Себебі инвестиция құрылымының да маңыздылығы бар. Егер инвестиция шикізат секторындағы ірі капитал сыйымды жобаларға бағытталса, ол көп жұмыс орнын бірден ашпайды. Сондай-ақ табыстың тең бөлінбейтінін, ірі бизнестің пайда табатынын, бірақ ол автоматты түрде халыққа таралмайтынын да ескеруіміз керек.
«Бұған қоса, жалақы өсімі инфляцияның (бағаның жалпы өсуі) тасасында қалып қоюы мүмкін. Номиналды табыс өссе де оны бағаның өсуі «жеп қояды», содан кейін адамдар жағдайдың жақсарғанын сезбейді. Макроэкономикалық өсім мен халықтың әл-ауқаты арасындағы тепе-теңдікті сақтауға нақты жүйелі саясат қажет. Алшақтықты қалай азайтуға болады? Бұл жерде нақты экономикалық саясаттың болуы маңызды. Алдымен еңбек өнімділігін арттыру қажет, өйткені жоғары жалақы тек өнімділік өссе ғана келеді. Екіншіден, шағын және орта бизнесті күшейту керек, бұл – халық табысының негізгі көзі. Инвестиция сапасы да өзгеруге тиіс, яғни тек шикізат емес, өңдеу, IT, агроөнеркәсіп салаларына басымдық берген жөн. Сонымен қатар әділ бөлу тетігі, прогрессивті салық элементтері мен әлеуметтік саясаттың тиімділігі маңызды. Халық өсімді тек баға тұрақты болғанда ғана сезінеді», деп түсіндірді Б.Ысқақ.
Жалпы, экономикалық даму бағытында айқын құрылымдық бетбұрыс байқалады. Биыл алғашқы тоқсанда капитал дәстүрлі шикізат секторынан гөрі өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға, технологиялық салаларға қарқынды құйыла бастады. ҰЭМ деректеріне сүйенсек, инвестициялық ағындар бағытының өзгеруі елдің сыртқы күйзелістерге төзімділігін арттырып, ұзақмерзімді тұрақты өсу моделіне негіз қалап отыр.
«Капитал өсімнің жаңа нүктелеріне, энергетикадан бастап байланыс пен агросекторға дейін құйылып жатыр. Инвестициялардың құрылымы экономиканың нақты қайда бара жатқанын көрсетеді. Мәселен, электр энергиясымен, газбен, жылумен және ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициялар 2,5 есе, ақпарат пен байланысқа 2 есе, ауыл шаруашылығына 70,6 пайызға, саудаға 28,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібіне 21,6 пайызға өсті. Инвестициялар тек дәстүрлі салаларға ғана емес, инфрақұрылымға, цифрландыруға, қайта өңдеуге және азық-түлік қауіпсіздігіне де белсенді бағытталып жатыр. Капитал бір бағытта шоғырланудың орнына әртүрлі секторларға құйылатын заманауи әрі әртараптандырылған экономика осылай қалыптасады», делінген министрлік ақпаратында.
Сыртқы сауда айналымында да экспорттың сапалық деңгейі көтерілген. Қаңтар-ақпан айларында сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрап, 11,3 пайызға өскен. Экспорт 12 млрд долларға жетсе, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 24,4 пайызға артып, 4,5 млрд долларды құрады. Мұндағы ең маңызды белгі – өңделген тауарлар экспортының жедел өсуі. Бұл еліміздің тек шикізатты ғана емес, қосылған құны жоғары (өңдеу деңгейі терең) өнімдерді де сыртқы нарыққа шығарып жатқанын көрсетеді. Мұндай үрдіс экономиканы әртараптандыруға тікелей байланысты. Өңделген экспорттың үлесі артқан сайын елдің тұрақты өсу моделіндегі позициясы күшейіп, сыртқы нарықтағы баға ауытқуларына тәуелділігі азая береді.